Aбай университеті және Жаркент жоғары педагогикалық колледжі ынтымақтастық меморандумына қол қойды
2024 жылдың 31 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Жаркент жоғары педагогикалық колледжі стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім білім беру саласында тәжірибе алмасуды кеңейтуге, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және өңірдегі педагогикалық колледждердің дамуына ықпал етуге бағытталған.
Іс-шараға Жаркент жоғары педагогикалық колледжінің директоры Клара Курабалдиева, директордың оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Нұршат Сағынбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков және Мансап орталығының басшысы Рахымберды Жетібай қатысты.
Меморандумның мақсаты - жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, педагогикалық колледждер мен мектептерді ашу және дамыту, білім беру саласында кадрлар даярлауда тәжірибе алмасу, заманауи әдістер мен технологияларды пайдалана отырып оқытудың тиімділігін арттыру, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру үшін бірлескен семинарлар, тренингтер мен ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардағы ынтымақтастық болып табылады. Сонымен қатар инновациялық жобаларға қолдау көрсету, жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуін қолдау және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту, өңірде білім беру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыру, студенттердің кәсіптік практикадан өтуіне және оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мәселелері талқыланды.
Бұл ынтымақтастық екі оқу орнының бірлескен күш-жігерінің арқасында білім беру сапасын және педагог кадрларды даярлау деңгейін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.