қазақша · русский · english
   
  Main  News
13.11.2013

Түрік-қазақ достығының қайнар көзі - Эрсой мен Мағжан жырларында
Қазақ-түрік халықтарының тамыры тым тереңде жатыр. Әсіресе, олардың тарихы мен әдебиетіндегі ұқсастық пен үндестіктің орны мен мәні бөлек. Әрі ол түрік-қазақ достығының қайнар көзі болып табылады. Осы тұрғысынан келгенде қазақтың жалындаған жасын жырларымен құйрықты жұлдыздай әдебиет аспанынан ағып түскен Мағжан Жұмабаев пен түріктің от жырлы көрнекті ақыны Мехмет Акиф Эрсой арасындағы шығармашылық ұқсастықтың ерекшелігі арнайы зерттеулерге арқау болуда.
Үстіміздегі жылдың 12 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Магистратура және PhD докторантура институтының мәжіліс залында М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» ортылығы мен Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Екі ел - екі тұлға» тақырыбымен «Мехмет Акиф Эрсой және Мағжан Жұмабаев түркі халықтарының көрнекті тұлғалары» атты тарихи-танымдық дәрісі өтті.
Мехмет Акиф Эрсой - түріктің белгілі ақыны. Түрік Республикасының Ұлттық Әнұранының авторы. Оның жырлары халқын азаттыққа үндейді. «Сырат-ы Мустаким», «Жас қауырсындар» атты журналдар шығарып, онда «таза поэзия», тіл, өнер, мәдениет және ұлттық құндылықтарды жазып, насихаттаған.
Дөңгелек үстел түрінде өткен ашық дәрісті М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығының директоры Д.Мұхатова ашып, жүргізіп отырды. Осы орталықтың қызметкері, филология ғылымдарының докторы С.Ізтілеуова Мехмет Акиф Эрсойдың шығармашылық өмірбаяны туралы танымдық баяндама жасады. Ал Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ғылыми қызметкері Фуркан Курт Мағжан Жұмабаев туралы түрік тілінде атқарылып жатқан зерттеулерге тоқталып өтсе, Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің оқытушысы, түрік тілінің маманы Керем Джелеп Эрсой мен Мағжан жырларындағы үндестік жайын әңгімеледі. Ал белгілі жазушы, М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығының қызметкері Мамытбек Қалдыбай М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасына ғылыми талдау жасады.
Магистранттар түрік және қазақ тілдерінде Мехмет Акиф Эрсой мен М.Жұмабаевтың өлеңдерін оқыды.
Дөңгелек үстелдің жұмысын қорытындылаған Дана Мұхатова шараға келіп, келелі әңгіме қозғаған түрік меймандарға алғыс айтып, естелік сый-сияпаттар тапсырды.

Е.Ералы,
Баспасөз орталығының қызметкері