қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
04.07.2024

               ШЫҰ саммиті Қазақстанға халықаралық деңгейде бедел береді – сарапшылар пікірі

 

                

 

Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ШЫҰ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

 

Президенттің сөзінше, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өтті.

«Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

 

«ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.

 

Отандық сарапшылар әлем көз тіккен саммитте аймақтық және жаһандық дамуға зор маңызды шешімдер қабылданып жатқанын оң бағалап отыр.

 

Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі:

 

Қазақстан - Еуропа мен Азия арасын байланыстырып тұрған мемлекет. Сондықтан біз Азияның алпауыт мемлекеті Қытай және Үндістанмен, сондай-ақ Еуропаның да, мәселен Ресей, Германия, Италия, Франция, АҚШ т.б мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Қазір көпвекторлы саясатымыз өз жемісін беріп отыр. Біз Қытай және Азияның басқа мемлекеттерімен де өте жақсымыз. Мәселен, Үндістанмен, Араб елдерімен. Ресеймен де қарым-қатынасымыз жақсы. Еуропалық одақпен де қарым-қатынасымыз жақсы. Осының бәрі Қазақстанның ұстанып отырған көпвекторлы саясатының нәтижесі. Қай кезең болмасын, саясат пен экономика қатар жүреді. Біздің тауарларымызды Еуропа және Азия елдеріне еркін сауда-саттық жасап өткізе аламыз. Мұнай-газымыз әртүрлі мемлекеттерге сатылып, таратылуы керек және сол мемлекеттермен Қазақстан жақсы, достық қарым-қатынаста болуымыз керек. Біздің басқа жолымыз жоқ. Әрине, Ресейдің кейбір саясаткерлері біздің көпвекторлы саясатымызды қаламайды. Олар біз тек Ресеймен бірге болсақ деген пікір айтады. Біз олай өмір сүре алмаймыз. Мұны қазір Еуразиядағы жағдай да көрсетіп отыр. Сондықтан біз көпвекторлы саясатты ары қарай дамытуымыз керек. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына Қазақстан бір жылдан бері төрағалық етті. Көп жұмыстар атқарылды. Антиядерлық, терроризмге, экстремизмге қарсы күрес, қауіпсіздік мәселесі жоғары сатыға көтерілді. Бұл Қазақстанның, әсіресе Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі.

 

ШЫҰ-ның ішінде Академиялық кеңес бар. Қазақстан сол Кеңестің бір рет төрағасы болып, сол кеңестің жиналысы Алматыдағы Ғылым ордасы ғимаратында ҚазҰҒА-ның төрағалығымен өтті. Біздің Академия барлық жиналыстарға қатысты. Сол жиналыстарда мен көп баяндама жасап, мақалалар жазып, Қазақстан ғылымы туралы жақсы пікір туғыздым. Сондықтан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммиті Қазақстанға бірінші кезекте халықаралық деңгейде бедел береді. Екіншіден, бұл біздің саяси тұрғыдан қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеді. Үшіншіден біз ШЫҰ-на кіретін алпауыт мемлекеттер Қытай, Үндістан, Ресеймен сауда-саттық жасасақ, бізге пайда әкеледі, экономикамыз өседі. Қытаймен осындай келіссөздер арқасында сауда-саттық көлемі 41 млрд долларға жетті. Қазіргі таңда 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны 14,5 млрд доллар. Бұл үлкен қаржы. Бұл ары қарай дами беру керек. Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қытай халқына жасап жатқан саясаты бізге өте қонымды. Олар кедейшілікпен күресті бірінші орынға қояды. Олар қазір кедейшілікті жеңді. Ұлттық экономиканың өсуіне үлкен мән береді. Коррупцияны толығымен жойды деуге болады. Біздің олардан өнеге алатын нәрселеріміз көп. Сондықтан біз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ең белсенді мүшесі болып қала беруіміз керек.

 

Жомарт Сімтіков, Абай атындағы ҚАЗҰПУ профессоры, саяси ғылымдар докторы:

 

2024 жылғы шілде айы Қазақстан Республикасы үшін ерекше саяси процестің қызған кезеңі ретінде айтуға болады. Кешелі бері ел астанасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің саммиті өтіп жатыр. Алқалы жиынды бүкіл әлемді назар аудартқан ірі қоғамдық ұйымдардың ішіндегі беделдісі ретінде қарауымыз керек. ШЫҰ саммиті бір ғана емес, бірнеше мәселенің басын қосқан қоғамданудағы геосаяси процесстердің дамуы, ғаламдық дамудың ішіндегі әлемдік қауіпсіздік процесі және бүгінгі қоғамды модернизациялау, экономикалық байланыс пен түрлі экономикалық дағдарыстардың алдын алу, сондай-ақ цифрландыру процесіндегі көптеген мәселелерді шешуге ықпал ете алатын саяси оқиға ретінде есепке алыну тиіс. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға келіп, үлкен кездесулер өткізуі түрлі саладағы проблемаларды шешу жолдарын көрсетіп отыр. Солардың ішінде негізгілерін атап өтсем. Біріншіден - экономикалық ынтымақтастық, екіншіден - жалпы гуманитарлық салада бірлесе жұмыс жасау, үшіншіден - инвестиция тарту процесі, сол бойынша Қазақстан мен ежелден көрші келе жатқан Қытай арасындағы тату-тәтті байланыстың жалғасуы және екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың дами беруі жөнінде айтқанымыз дұрыс деп есептеймін. Сонымен қатар, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ерекше көңіл аударатынын, екі ел көшбасшыларының ерекше кездесулерін, Астанада ауыз толтырып айтатындай бірнеше іс-шараларды өткізілуін, Лу Бань шеберханасының ашылуы, елордада ірі гуманитарлық саладағы байланыстардың жолға қойылуын атап өткен жөн.

 

Геосаяси процестегі көршілес мемлекеттің бір-бірімен әрі қарай тепе-теңдік бағытта дипломатиялық қарым-қатынасы әрі қарай жалғаса бермек. Бұл екі ел арасындағы экономикалық байланыстар туризм саласында және мәдени байланыста дамитындығын көрсетеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанда болып жатқан ірі саяси процесстер мен басқа көршілес мемлекеттер әлемдегі ғаламдану процесіндегі терроризм, экстремизмге тосқауыл қою және өзге де мәселелерді жолға қою, экологиялық проблемаларды көтерудегі үлкен істер, Си Цзиньпиннің көтерген бүкіл ғаламдану процесінде адамдардың тағдырын шешу мәселесі бойынша да екі елдің бірдей бағытта ұстануы, экологиялық проблемаларды шешудегі мәселелерді жолға қою, бұл шындығында да өте бір есте қаларлықтай және болашағы бар үлкен байланыстардың жемісі болып табылады деп ойлаймын.

 

Ермахан Қалмұрзаев, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың аға оқытушысы:

 

Кешелі бері күллі әлемдік бұқаралық ақпарат арналары Астанаға назарын аударып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кезекті саммиті туралы жарыса ақпарат таратуда. Ақпараттар ағынына қарасақ, әлем жұртшылығы саммиттен күтетін нәтиженің ауқымды екенін аңғарамыз. ШЫҰ 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің қатысумен құрылған болатын. Осынау 23 жылдық қысқа мерзімде ұйым өзінің өміршеңдігі мен әлеуетін әлемге танытып үлгерді деп нық сеніммен айта аламыз. Бүгінде ШЫҰ-на Қазақстан, ҚХР, Ресей, Индия, Пәкістан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан тұрақты мүше болса, ендігі жерде Беларусь елі де толық мүше болып саналды. Сондай-ақ бұл ұйымға Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Камбоджа, Қатар, Кувейт, Мальдив, Мяньма, Непал, Сауд Арабиясы, Түркия, Шри Ланка елдері әріптес болып саналады. Экономикалық әлеуетіне келсек, ШЫҰ ЖІӨ 23 триллион доллардан асып жығылады. Бұдан осынау жиынның еліміз үшін маңыздылығын көруге барады.

 

ШЫҰ-ның Астана 2024 саммитінің күн тәртібінде саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың мәселелердің кең ауқымы қаралды.

 

Саммит қарсаңында Президент жиынға келген мемлекет басшыларының екеу ара кездесулер өткізді. Кездесу барысында атқарылған іс-шаралар туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Атқарылған іс-шаралар алдағы атқарылатын іс-шаралардың бастамасы екенін осынау саммит барысында байқадық.

 

Астанаға Си Цзиньпин бастап келген Қытай делегациясың ауқымдылығы қырағы көз әріптестеріміздің назарын бірден өзіне аударды. Осынау елдің өкілдері өкілдері 4 алып Boeing ұшағымен келіп қонғандығын әkемдік БАҚ өкілдері жарыса жазып жатты. Қытай бұл жолы саммитке аса ыждағаттылықпен дайындалып, үлкен жобаларды алып келгендігі даусыз. Статистикалық мәліметтерге нзар салсақ ҚХР республикасы бүгінгі таңда Қазақстанның ең негізгі әріптесіне айналған. Екі елдің арасындағы тауар айналымы 41 млрд долларды қамтиды. Бұл болашақта жүздеген млрд долларға ұласатыны қелер күндердің еншісінде екені де даусыз.

 

Жалпы саммит жұмысы «Қауіпсіздік және диалог» тақырыбы аясында өткізілді. Терең үңілген сарапшылар осынау тақырып аясында Батыс пен Шығыс арасындағы қатынастардың жаңа бастамасы жатқандығына назар аударады. БҰҰ-ның төрағасы Антонио Гутерриш пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің арасындағы келіссөздерде осынау мәселенің талқыланғандығы даусыз. Ал, Қазақстанға келетін болсақ, біздің елдің аймақтағы елдер арасындағы беделін нығайта түсері даусыз. Таратып айтатын болсақ ШЫҰ-ы елдері, онан әрі Батыс пен Шығыс арасындағы еліміздің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға жол ашады. Көрші елдермен арадағы әріптестіктің жаңа белеске көтерілетіндігі даусыз. Саммит аясында мемлекет басшылары арасында келіссөздер жүргізіліп жатқандығы да құпия емес. Бұл келіссөздердің мазмұны болашақта атқарылатын саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық іс-шараларға негіз болады. ШЫҰ-ныңбасты міндеті де осында, ол көрші елдер арасында саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды өркендетуге жол ашу болмақ. Саммит барысында бүгінгі және таяу болашақта аймақта туындауы мүмкін сындарлы сынақтарға дер кезінде тосқауыл қою жолдары тұжырымдалады. Осынау әрекеттер елдің игілігіне қызмет етсін деп тілейміз.

 

Жанна Жомарт

 

04.07.2024

Ақпарат көзі: zhasalash.kz