Main /
Mass media about us
07.12.2017 Жаңа әліпби туралы ой бөлісті
Жаңа әліпби туралы ой бөлісті Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің жуырда өткен жалпы жиналысында «Қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы» мәселе талқыланды. Жиналысты ашып және жүргізіп отырған бөлімше төрағасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, професор Такир Балықбаев күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті академик Мұрат Жұрынов Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын басты міндеттердің бірі - қазақ жазуын латын графикасына көшіру екенін атап көрсетіп, бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбектің негізгі баяндамасында қазақ жазуының тарихы, оның әрбір тарихи кезеңде саяси жағдайларға байланысты өзгеріске түсуі және бүгінгі тәуелсіздік дәуіріндегі оның өзектілігі туралы кеңінен әңгіме өрбіді.
- Әліпби мәселесі басталған алғашқы сәтте-ақ Елбасы бұл мәселемен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты айналысуы тиіс екенін тапсырған еді,- деді академик Ө.Айтбайұлы. - Міне, содан бері Тіл білімі институтының ғалымдары бұл мәселемен түбегейлі айналысып келеді. Латынға көшкен көрші елдер тәжірибесін жан-жақты зерттеді.
Осында айтылғандардың барлығының да бастауында тұрған, іске асуына ұйытқы болған - еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Байыптап қарайтын болсақ, жоғарыда аталған шаралардың барлығы да тәуелсіздігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етуге бағытталған іргелі істер екендігіне, ұлттық мемлекет құру жолындағы қадау-қадау қадамдар екендігіне көз жеткіземіз. Сондай-ақ, бұлар ретімен, сәтімен, уақытымен іске асырылып жатқандығын, бір-бірімен сабақтаса ұласуда екендігін байқаймыз. Бүгінгі күні қызу қолға алынған әліпби ауыстыру мәселесі осылардың логикалық түйіні іспеттес.
Ғалымдар Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясына және рухани жаңғыру бағдарламасына байланысты биылғы атқарылған ұшан-теңіз жұмыстар, қазіргі ұсынылып отырған әліпби туралы өз ойларын ағыл-тегіл ақтарды. Мемлекет басшысының қазақ жазуын кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы барлық іске серпін беріп отырғаны айтылды. Баяндамашылар да, жарыссөзде сөйлеген ғалымдар да, негізінен, латын қарпіне көшуге байланысты халық арасындағы түсінік жұмыстары табысты өткенін, халық бұл бастаманы толық қолдап отырғанын айтып, енді кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшуді жүзеге асыруға кірісу қажеттігін алға тартты. Бұл жөнінде олар нақтылы ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды. Белгілі тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаева латын әліпбиін пайдаланып келе жатқан әлем елдерінің алфавит жасаудағы тәжірибесіне тоқталды.
- Алфавиттегі әріп санының компьютер пернесіндегі таңбалардан асып кетуінен қорықпау керек,- деді ғалым. - Мысалы, латын қаріпін пайдаланып жүрген елдерде алфавиттегі әріп саны 30-дан 42-ге дейін жетеді, бірақ сол елдер еш қиындықсыз компьютерді өз тілдерінде пайдаланып отыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ғабит Кенжебаевтың қосалқы баяндамасында айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлер де көпшіліктің көңілінен шықты.
- Міне, сонымен, латын графикасына көшу жөнінде нақты қадам жасалды, - деді Ғ.Кенжебаев. - Жаңа алфавиттің үлгісі жария етілді. Енді бүкіл халық болып жаңа әліпбимен оқып, жазуды үйрене бастауымыз қажет. Баспа түріндегі қаріптерге көпшіліктің көзі тез үйренгенімен, оның жазбаша таңбаларын игеріп, жазып кету де өз алдына бір әлем. Сондықтан баспасөз беттерінде латын таңбасымен жазылған сөздерді баспаша түрінде де, жазбаша түрінде де үйрететін арнаулы айдарлар ашылып, газеттердің әр санында тиісті оқу материалдары жарияланып отырса - құба-құп.
ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев жиналыс соңында:
- Бүгінде латын графикасына байланысты Ұлттық комиссия жұмыс істеп жатыр. Әліпбиді енгізудің әдістері мен тәсілдері жөнінде әлі де анықтайтын мәселелер көп. Сондықтан біздің ғалымдарымыз да осы істен тыс, - деп сөзін қорытындылады. ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің жалпы жиналысы латын әліпбиін қолдау және енгізу жөнінде тиісті шешім қабылдады.
Авторы: Мырзахан АХМЕТОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы 07.12.2017ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|