Main /
Mass media about us
06.04.2024 Абай университетінде - «Абай» стипендиясы тағайындалды
Қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық жетістіктерді арттыру және ғылыми таланттарды ынталандыру мақсатында алғаш рет «Абай» стипендиясын тағайындады. Университет ректоры Тілеп Болат мырзаның бастамасымен қолға алынған жаңа бағдарлама қаржылық қолдаумен қатар студенттерді академиялық жетістікке жетуге ынталандырады.
«Абай» стипендиясының мақсаты - Абай университетінің дарынды студенттерін қолдау, олардың интеллектуалдық, ғылыми-зерттеу әлеуетін қалыптастыру және оқу-танымдық қызметін ынталандыру.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде оқитын 2-4 курс студенттері енді жаңа білімге, ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген ұмтылыстарын көрсетуге мүмкіндік алды. Атаулы стипендияның иегері болу үшін өткен оқу кезеңдерінде студенттің оқу үлгерімі тек «өте жақсы» (А, А-) болуы керек. Алайда, бұл іріктеу талаптарындағы жалғыз критерий емес. Президенттік стипендия алатын студенттер «Абай» стипендиясына үміткер бола алмайды.
Үміткерлерді анықтау екі кезеңнен тұрады. Іріктеу үрдісі үміткерлерден тек академиялық шеберлікті, академиялық адалдықты ғана емес, сонымен қатар олардың ғылыми-зерттеулерін көрсетуді талап етеді. Конкурстың екінші кезеңінде қатысушылар Ғылым декадасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша баяндамалар жасауы тиіс. Бұл студенттерге өздерінің ғылыми қабілеттерін көрсетуге және белсенді ғылыми қоғамдастықтың бір бөлігі болуға мүмкіндік береді.
Ұсынылған жұмыстарды талқылап, бағалағаннан кейін жеңімпаздар әр институт/факультет ұсынған квотаға сәйкес анықталады. Бұл үрдіс үздіктерді таңдауда әділдік пен ашықтыққа кепілдік береді. Еңбегі мен таланты танылған студенттер үшін «Абай» стипендиясы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ай сайынғы 100 000 теңге студенттердің ғылыми ізденістерін қолдауға бағытталған.
Университетке «Абай» стипендиясының енгізілуі - білім саласын дамытудағы жай ғана қадам емес, жас ұрпақты ғылымға, білімге ынталандыру, осы саладағы академиялық жаңа белестерді табысты бағындыруға шақыру. Оларды дәл осылай қолдау - келешектерін сәтті қалыптастыруға ықпалын тигізері анық.
05.04.2024ж.
|