Main /
Mass media about us
19.01.2024 Абай университетінде ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай жасалған - Бақыт Сыдықов
95 жылдық тарихы бар Абай атындағы ҚазҰПУ-дің жанынан құрылған Математика, физика және информатика институтының директоры Бақыт Диханбайұлы Сыдықовпен институтта атқарылып жатқан жұмыстары, жетістіктері, болашақ жоспарлары туралы Dalanews.kz ақпараттық агенттігіне әңгімелеп берді. - Бақыт Диханбайұлы, кеше ғана ескі жылды шығарып салып, 2024 жылды қарсы алдық. Әдетте, жыл басталғанда өткен жолымызға қайырылып бір қарап, ел алдында есеп беріп, содан кейін жаңа бастамалар туралы ойлана бастаймыз ғой. Олай болса, әңгімені өзіңіз басқаратын институттың тарихына қысқаша шолу жасаудан бастасаңыз? - Өздеріңіз жақсы білесіздер университетіміз тұңғыш жоғары оқу орны ретінде 1928 жылы құрылған. Сол кезде жаңа ашылған жоғары оқу орнының құрамындағы жалғыз факультеттегі үш бөлімнің бірі ретінде физика-математика бөлімі құрылған-ды. Осы бөлімнің негізінде физика-математика факультеті, ал бүгінгі күні Математика, физика және информатика институты қалыптасты.
Алғаш ашылған факультетіміздің деканы, қазақтың біртуар азаматы, Алашорда көсемдерінің бірі Әлімхан Ермековтың болғанын зор мақтанышпен айта аламын.
95 жылдық тарихы бар біздің түлектерден көптеген ұлағатты ұстаздар, ғалымдар шықты. Солардың бірегейі ретінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор О.А.Жәутіковтың есімін ерекше атауға болады. Аптал азамат факультетте кафедра меңгерушісі, декан, университеттің ғылым жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.
Ерекше түлектеріміздің қатарында Б.С.Жаңбырбаев пен Қ.Қалиеваларға тоқталғым келеді. Сол жылдары профессор Б.Жаңбырбаев елімізде ықтималдықтар теориясы саласынан ғылыми атақ қорғаған жалғыз маман болды. Бұдан басқа факультет деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Ал оның жұбайы аға оқытушы Қ.Қалиева физика пәні бойынша оқулықтардың авторы еді. Профессор Б.Жаңбырбаев әр дәрістің алдында аудиторияның қабырғасына алақанын қойып, «Қарт ҚазПИ-ді аялаңдар» деп, сонан соң дәрісін бастауші еді.
Бегалы Сәдуақасұлы ҚазПИ-де оқып жүрген кезімізде тобымыздағы жалғыз қыз Қалыш апайларыңа мен таңдап үйленгенмін десе, апайымыз, сонша ұлдың ішінен өзінің таңдағанын әзілдеп айтып отыратын.
Институтымызда Кеңестер Одағының алдыңғы қатарлы университеттерін бітірген доцент С.Боқаев, ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі, профессор Б.Оразбаев, профессорлар Ш.Еркеғұлов, Қ.Бақтыбаев, С.Ерматов, М.Құдайқұлов, Б.Қ.Нақысбеков, Б.Баймұханов, Қ.Мұқашев, Е.Б.Шалбаев, Ж.Тоқыбетов, О.Сатыбалдиев, академик Ғ.Уәлиевжәне т.б. көптеген ұлағатты ғалым-ұстаздардың қызмет атқарғанын ерекше жылы сезіммен еске аламыз.
- МФИИ-да студенттерге заманауи білім берумен бірге жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Студенттерді жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал етуде біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірқатарына тоқталып өтейін.
Ең алдымен, студенттерге өз мамандығы бойынша және одан тыс әртүрлі машықтану курстары бар. Бұл - курстар студенттеріміздің әртүрлі дағдылар мен қызығушылықтарын дамытуға көмектеседі (шахмат, робототехника, бағдарламалау).
Екіншіден, студенттерге әртүрлі салалардағы білімін біріктіруге ықпал ететін Minor бағдарламалар қарастырылған, яғни, педагогикалық емес мамандық студенттері өз таңдауы бойынша педагогикалық мамандықтың пәндерін оқу мүмкіндігіне ие. Себебі бұл студенттер келешекте білім беру саласында жұмыс істеуге қызығушылық танытады.
Үшіншіден, студенттердің шығармашылықтарын шыңдап, дамытуға ықпал ететін әртүрлі мәдени іс-шаралар (мысалы, «Екі жұлдыз», «КВН» сияқты) ұйымдастырып тұрамыз.
Төртіншіден, студенттер алған білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік беретін кәсіби пәндер бойынша жобалық жұмыстарға, олимпиадаға, ғылым декадасына қатысу мүмкіндігіне ие.
Бесіншіден, цифрлық сауаттылықтарын дамытуда студенттерге заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын шыңдау бағытында цифрлық білім беруге арналған пәндерді оқиды, яғни, Жасанды инттелект технологиялары, Білім берудегі робототехника және мехатроника, Білім беруді цифрлық технологиялар, GameDav негіздерін ұйретеміз.
Алтыншыдан, студенттердің өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі зерттеуге және білімді үнемі жаңартуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған жеке өзіндік жұмыстар қарасырылған.
Содан соң, студенттер жеке тұлға және кәсіби маман ретінде дамуына көмектесетін педагогикалық және өндірістік практикаларын орта білім беру мекемелерінде, ғылыми-зерттеу институттарында, өндіріс орындарында өтеді.
- Қазір шығармашылықпен, ғылыммен айналысамын деген жастарға университетте барлық жағдай жасалған. Сіз басқаратын институтта бұл мәселе қалай жолға қойылған? Қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр? Институттың ғылыми әлеуеті мен жобалардың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.
- Біздің институтымызда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу үшін қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, математика, физика және информатика ғылыми бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу зертханалары қарастырылған. Олар «Педагогикалық білімді дамыту орталығы», «Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері ғылыми зертханасы» мен «Физиканы оқыту технологиялары және қолданбалы зерттеулер лабораториясы». Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын шыңдауға 10 компьютер сыныптары, 8 физикалық оқу және робототехника, мехатроника зертханалары қызмет көрсетеді.
Институтымыздың профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылар өздерінің бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын осы зертханаларда ұйымдастырып, жүргізеді. Бүгінгі таңда институтымызда мемлекет тарапынан қаржыландыратын 10 ғылыми жоба жүзеге асырылуда.
Оның жалпы көлемі 550 млн теңгеден асады. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыру үшін институттың ғылыми әлеуеті жоғары екенін атап өтуіміз керек, яғни жалпы оқытушылар құрамының 60 пайыздан астамы ғылыми дәрежелі атақтарға ие.
Атап айтқанда, ҚР ҰҒА академигі А.Әбілқасымова, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі В.Н.Косов, профессор А.С.Бердышев, профессор Б.Ахметов, PhD докторлар Ә.Қырықбаева, Е.Оспанбеков, М.Ревшенова, Ж.Байшемиров, А.Рысқан осы аталған ғылыми жобаларға жетекшілік жасайды. Мақтаныш сезіммен атап өтетін жағдай, биылғы оқу жылында PhD Ә.Қырықбаеваның ғылыми жобасының нәтижесі коммерциялизация жасалынуда, яғни оның нәтижелері өндірісте кеңінен қолдану үшін қосымша қаржыландыруға ие болды. Бұл университет тарихындағы алғашқы жағдай болып отыр.
- Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс жасап жатқаны белгілі. Бұл мәселе Сіз басқаратын институтта қалай жолға қойылған? Білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру мәселесі туралы да тілге тиек ете кетсеңіз?
- Иә, бұл академиялық ұтқырлық негізінде білім алушыларды алмасу арқылы өз білім беру бағдарламаларымыздың кемшіл тұстарын шыңдай отырып, өз жетістіктерімізді шәкірттеріміз арқылы басқа ЖОО-да көрсету мүмкіндігіне ие боламыз. Осы оқу жылында біз академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Адам Мицкевич университетіне, (Польша) 26.02.2024 - 06.07.2024 ж. аралығында, 5 студентті 1 семестрлік оқуға жібереміз.
Ал бізге Ресейдің Петрозаводск мемлекеттік университетінен магистранттар осы семестрде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Сонымен қатар ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Есенов университетінен, Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеттерінен 12 студент ағымдағы семестрге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды.
Сондай-ақ, біздің магистратура бағдарламасы бойынша білім алушыларымыз Стамбұл, Қазан университеттерінде тағлымдамадан өтіп келді.
- Студент - оқу ордасының айнасы ғана емес әрі мақтанышы. Олай болса, кәсіби салада болсын, ғылымда, спортта, өнер-білімде болсын, студенттеріңіздің қандай жетістіктерін ерекше атап өткен болар едіңіз?
- Жастар - ел болашағы, ата-аналары мен Отанымыздың үміті. Біздің студенттер білімге құштар, жан-жақты дамыған, белсенді және шығармашыл жастар. Студенттеріміз ғылымда да, спортта да, өнер-білім жағынан да жақсы жетістіктерге жетуде. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, «қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе - білім ғана. Дамыған заманның ең мықты қаруы - білім». Осы орайда институтымыздың 4-ші курс студенттері Лейла Заирова, Диана Нұрмухамедова мен Мерейлім Төлебай оқуда көрсеткен жоғары білім көрсеткіштері нәтижесінде Президенттік шәкіртақы иегерлері болып табылады. Республикалық «Елбасы медалі» жобасының аясында «Физика-информатика» мамандығының 1 курс студенті Ақниет Налхан күміс медальмен, ал «Математика» мамандығының 1 курс студенттері Ақерке Танабай мен Аружан Несіпқазы және Нұрасыл Орнықбай қола медальдарымен марапатталған.
Спорт саласында да студенттеріміздің жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсем. «Математика» мамандығының 3 курс студенті Шарапат Бейсенова волейболдан өткен институтішілік байқауда үздік ойыншы марапатымен, университетаралық байқауда жүлделі II орынмен марапатталды.
«Математика» мамандығының 2 курс студенті Низамдун Хезизов 2023 жылы Ережесіз жекпе-жектен Қазақстаның күміс жүлдегері, Алматы қаласының чемпионы. Понкратионнан Алматы қаласының чемпионы, ММА-ден Алматы қаласы бойынша күміс жүлде иегері атанды.
«Физика» мамандығының 2 курс студенті Алуа Каримбекова былтыр өткен 12-ші жазғы универсиадада 100 метр кедергімен жүгіруден жүлделі 3-ші орынды иеленді.
«Физика» мамандығының 4 курс студенті Ирадам Нариманова «VIII халықаралық кітап басылымы», «Үздік жас студенттер - 2023» ғылыми және оқу орындары арасында Бірлестік түріндегі заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған жоба аясында II дәрежелі дипломмен марапатталған.
«Математика-физика» мамандығының 1 курс студенті Нұрдаулет Елубай республикалық ғылыми жобасында және Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми зерттеу жобаларында 3-ші орын, ал Республикалық зерттеу жобалар конкурсында 1-ші орын иегері атанды. 2023 жылы 12 қыркүйекте Алматыда сұлулық байқауының соңғы межесі өткен болатын. Байқау қорытындысы бойынша институтымыздың «Физика» мамандығының 4 курс студенті Наталья Петри «Мисс Алматы-2023» атағын иеленді. Міне, бұл жастардың бәрі біздің болашағымыз әрі мақтаныштарымыз.
- Жұмыстарыңызға табыс тілейміз. Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Айнұр Жұмахан 19.01.2024ж.
|