қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
05.06.2023

Абайтанудың бағдаршамы

 


 

«...Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен ең алдымен «Абай» журналы еді. Бұл журналды Мұхаңның беташары деуге болады. Өйткені оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбінесе Мұхаңның өзі болатын.

 

Бас редакторы - Жүсіпбек Аймауытов, Мұхаң көбінесе журналист, публицист, ойшыл, сыншы, философ ретінде көрінді» - деп ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан айтқандай «Абай» журналы қазақтың екі арысы - Аймауытов пен Әуезовтің қазақ ұлтына деген сүйіспеншілігінен туындаған, өнегесі мол журнал ретінде жарыққа шықты. Ол екеуі барлық күш-жігерін, білімін ұлттың болашағы үшін жұмсауды мақсат етті. «Абай» журналын сол ұлттық мақсаттың бағдаршамы - нұрын төккен шамшырағы етуді көздеді. Тек екеуі ғана емес барлық алаш арыстарының «Оян қазақ» деп қазақ елін прогреске тартуды, ғылым мен білімді насихаттауды, жастардың саяси белсенділігін арттыруды көздеген ұлттық бағдарламасын насихатттауды басты тақырып етіп алды. Әрине, ұлттық құндылықтарды негіз етіп, өз ұлтының қамын ойлаған мұндай бастама колониялық психология, ұлы державалық шовинизмнен арылмаған, қайта оны бетін бүркемелеп жасырған Совет өкіметінің жасанды идеологиясына ұнамады, «ұлтшыл» деген айып тағып жауып тастады, шығарушылары қуғындалып, айыпталды. «Абай» журналының «азаттық ұраны» қайта жаңғырып, «Парыз» шығармашылық тобының жетекшісі Ырысхан Мусин бастаған Семейдің зиялы қауымының қажырлы еңбегінің арқасында қайта шыға бастады.

 

Сол алғашқы сандарының өзінде-ақ ұлылар дәстүріне барынша адалдықтарын танытты. Мәселен 1918 жылғы «Абай» журналының ұстанған негізгі бағыттары Абайтану, халқымыздың тағдыры мен тарихына қатысты мақалалардың желісін қайта сабақтағанымен құнды.

 

Әлі есімде «20-30 жылдардағы баспасөз бетіндегі айтыс» айдарымен берілген материалдар осы Алматыдағы Ғылым академиясында үлкен резонаныс тудырды. Мұның себебі сандаған жыл архивте сақталған, кезінде Абайтану ғылымына ашықтан-ашық соғылған сойыл сол қалпы жалғасқан жаңа журналдың бетінен көрініс тапты. Мәселен Сәбит Мұқановтың «Әркім» өзінше «ойлайды» атты Шаймардан мен Ыдырысқа жауап ретінде жазған мақаласы біраз жайлардың бетін ашып кеткендей болды. Ал Ыдырыс Мұстанбаевтың «Абай» (сын-айтыс) мақаласы өте көлемді, көп жайлардан мағлұмат беретін сол дәуірдің тынысын дөп басқан шығарма. Өте білімді, өткір азамат Ыдырыс қазақ әдебиеті мен төбемізден төніп тұрған орыс әдебиетінің арғы түп тамырын қаузай жазады. Ұлы ақынды ешқандай таптық тұрғымен «талқандауға» болмайтын қуатты ойының құдыретін мейлінше ашып береді. Сол жылдардағы тағы бір санында Ыдырыс Мұстанбайұлының кім болғанын бүге-шігесіне дейін зерттеп, ғылыми желіспен жеткізіп берген Қайым Мұхамедханұлының да мақаласын бас алмай оқыдық. Шәкірттерге дәрісімізде үнемі айтып отырдық. Ақиқатына келгенде ақсақалдың архивінде мұндай сарындағы жазбалар жетіп артылады екен. Өзі де қуғынға ұшырағанын жақсы білеміз. Кейіннен мәлім болғандай, қазіргі редактордың айтуына қарағанда көптеген материалдарды бермей, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырыпты. Мұның себебі еркіндікті енді алған тұсымызда бір-бірімізді етектен тартып, аяқтан шалмайық деген ұстанымға табан тірепті. Мана сөзімде «резонаныс» тудырды деп тегін айтып отырған жоқпын. Бірақ шындықтың аты-шындық. Елуінші жылдардағы М. Әуезовке күйе жағылған жазбалар да осы журналдың бетінде сайрап тұр. Оқыдық, сақтап қойдық. Әрине, кез келген басылымды шығармашылықпен шығару бар да, қаржы жағынан қамтамасыз ету деген «гәп» тағы бар ғой.

 

«Абай» журналын шығаруда да көптеген қиыншылықтарға тап болды. Астанадан алыс болуы, қаржылық көмектің мардымсыз болу т.б. кедергінің үстіне Семей облысының таратылуы «Абай » журналының республика бойынша таралымының ауқымын тіпті тарылтты, мүмкіндігін азайтты. Міне, осы кезде Алаш рухын ардақтаған ағалар дәстүрін жалғастыруды қолға алған Мұратбек Оспанов бастаған редакция ұжымы жанкештілікпен жұмыс жасады. Олар бүгінгі таңда хәкім Абай мұраларын насихаттаудан бастай отырып, журналды мазмұны терең дүниелермен көркем безендіріле шығуына аянбай еңбек етіп келеді.

 

Біз ойымызды «Абай» журналының қайта ашылуына жүрекжарды қуанышын білдірген ҚР халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың: «Журналды тұтас ықыласпен оқып шықтым. Жоғарыдағы мен ойлаған рубрикалардың көпшілігі журнал беттерінде бар екен. Соған қуандым. Барлық материалдарына қызығып отырдым. «Білімдіден шыққан сөз» рубрикасымен берілген Абайтану мен Әуезовтану ғылымдарына сан қилы құнды деректер қосып, бұл екі алыптың мәңгілік мұраларын насихаттауға ересен еңбек сіңіріп келе жатқан көрнекті ғалымдарымыз Қайым Мұхамедханов пен Мекемтас Мырзахметовтің мақалдары өз алдына бір төбе дүние екені даусыз. Мен ойлаған «Сәулең болса кеудеңде» деген айдар осы болуы керек, осындай болуы тиіс деп түйдім» деген ойына қосыла отырып «Абай» журналының бетіндегі бертінгі уақытта беріліп келе жатқан материалдардың көңілге қонатынын айтқым келеді. Мұнда да сабақтастық салты қатты сақталған.

 

Қорыта айтқанда, жаңа Қазақстан жағдайында жаңа буын ұрпақты тәрбиелеуде, әсіресе Абайтану ғылымын жаңа қырынан танытуда «Абай» журналының алдында тұрған мақсат-мұраттар ұшан-теңіз. Сондықтан о бастан Абайтанудың бағдаршамындай болған басылымға тек қана шығармашылық шабыт, толайым табыс тілейміз.

 

 

Авторы: Жабал Шойынбет,

Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

05.06.2023 ж.

Ақпарат көзі: abai.kz