қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
10.05.2023

Жас талаптың жолын ашқан

 


 

Ғалым туралы қалам тартсаң, оның еңбектеріне, ізденушілік іс-әрекеттеріне тоқталасың, яғни талдауға көбірек жол бересің. Ал биолог-ғалым Көшербай аға туралы жазғанда, өз өміріме тікелей қатысты болғандықтан, ерекше толғандым, өткен өміріме шегініс жасап, жазылған күнделік-хаттарды қайта ақтарыстырдым...

 

Құдайға шүкір, ғалым-ағалардың аялы алақанынан, ыстық ықыласынан кенде болған емеспін. Нығмет Ғабдуллин, Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахметұлы тікелей дәріс берсе, Қайым Мұхамедханов, Рахманқұл Бердібай, Зәки Ахметовтермен қызметтес бола жүріп, тәлім-тәрбиесін көрдім. Ал Мұқаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішевтердің шеберлік мектептеріне қатыстым, өмір мектебіне өкінішім жоқ. Бұлар мені ғылымға құлшындырды, қыр-сырын түсінуге жол бастады, әрқайсысынан алған үлгі-өнегем бір-бір кітапқа жүк боларлықтай. Ал менің сөз етпек болып отырған ағам - Көшербай Сағатов та ғалым, бірақ филолог емес, биолог.

 

Бір қызығы, Көшербай ағаның үйіне менен көп жыл бұрын, қазақ өнерінің білгірі, сөзге шешен, іске көсем, атақты театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығай да атбасын бұрған екен. Иә, қанша қазақтың талапты қара домалағы осы үйден бата алып, білім ордасының табалдырығын аттады екен!? Әшірбек аға: «Он бірінші сынып ойдағыдай түгесіліп, ата-ананың рұқсатымен, ауылдас көрші-қолаңның, ағайын-туыстың ақ баталарын алып, Алматыға аттануға бел будым. Он жеті он сегіздегі балаң бозбаланың үлкен жолға шығуы ол кездер үшін оңай да міндет емес еді. Үйден ұзап шықпаған менің бойымда едәуір толқу, қобалжу сезімдерінің болғаны жасырын емес-ті. Әскерден соңғы кезекті демалысын елде өткізуге келген көршілес Еркінбек Байшораев ағамыздың Алматыға қайтар мезетін тәуір-ақ пайдалана кеттім. Әскери өмір көріп, дүниені кеңірек таныған, үзіліп қалған оқуын қайта жалғастыруға ниет қылған тәжірибелі студенттің етегінен ұстаған күйі сол кезгі астанамызға қиналыссыз келе қалғанымның өзі керемет болды. Ақкөңіл Еркінбек жол-жөнекей ағынан жарыла Алматыны мақтаумен әлек. «Театр жағын, оның адамдарын жыға тани бермеймін, әлгі өзің айтқан Райымбек Сейтметов бізге туыс боп келеді, бірақ бірде-бір рет ұшыраспаппыз, ертеңдері театрдан іздеп, тауып аласың ғой. Бүгінше, менің Көшербай нағашымның үйіне түнеп шығамыз», - деді.

 

Көнелеу көк шабаданымды сүйретіп, Көшербай Сағатов (қазіргі Алматы педагогикалық университетінің биолог-профессоры) ағамыздың үйіне келіп жеттік. Ол кісі де біздің жақтан. Оқу-білімге ертерек ұмтылған зиялы ағаларымыздың бірі. Үйі толған жас талапкерлер екен. Оқуға түсуге келгендер. Көшербай ағай әке-шешемді білетінін, бала кезінде талай жыл біздермен есіктес көрші болғанын айтып, өзеуреп-ақ жатыр.

 

Ең бастысы, қазақ театрына қалай баратынымды, қандай көлікке отыратынымды құлағыма құйып берді. Бір қуанғаным, ол кісінің үйінен (сол кезгі ҚазПИ-дің маңынан) театр ғимараты оншалықты алыс емес екен. Бір қора жан сол үйде түнеп шығып, ертесіне әрқайсымыз жөн-жөнімізге

кете барыстық» деп еске алады.

 

Мен де бір кезде, 1972 жылы сол үйде абитуриент ретінде түнеп, Көшербай ағаның жөн сілтеуімен сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультеті, қазақ бөлімінің студенті атандым. Содан бері, яғни 51 жылдан бері ғылыми жетекшім ретінде Мекемтас ағай жетектеп жүрсе, ал Көшербай ағам «тәрбиеші аға» қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.

 

Алғаш кездескенде Көшербай аға отыз бес жаста, мен он жетідегі сарыауыз балапан едім. Көшербай аға талап қойғыш, тапсырмасының мінсіз орындалуын қалайды, өзіне қарасаң қашан да жинақы, үстіне қылау жуытпайтын, жігіттің сұлтаны дейтіндей. Кейде сабақты емес, Көшербай ағаның тапсырмасын орындай алмай қаламын-ау деп қиналатыным бар. Соның бәрі, қазір ойласам, мені шыңдау мен тәрбиелеу екен ғой.

 

Қазіргі күні Көшербай аға сексен беске келсе, Төлеу апайым сексенге, үйіне барсам екеуі де құшақ жая қарсы алады, арқамнан қағады, кетіп бара жатсам екеуі қанатын қомдаған қоңыр қаздай 4-қабаттан терезеден қол бұлғап, шығарып салып тұрады...

 

Көшербай ағаның өмір жолынан аздаған ақпарат бере кетсем деймін. Тым күрделі емес секілді көрінеді. 1938 жылы 19 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Хантағы ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Кентау қаласындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыстану факультетіне оқуға түседі. Ол 1960 жылы Ленинград қаласындағы КСРО Ғылым Академиясының В.Л. Камаров атындағы Ботаника институтының аспирантурасына оқуға жіберілді. Онда белгілі ғалым М.Я. Школьниктің жетекшілігімен 1964 жылы кандидаттық диссертация қорғады.

 

1964 жылдан 2015 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ассистенттіктен бастап, аға оқытушы, доцент, профессор дәрежесінде үздіксіз дәріс берді.

 

Ұзақ жылғы ғылыми және педагогикалық жұмыстарының нәтижесінде «Биологиялық химияның практикумы», «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік», «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі», «Өсімдіктер физиологиясы» және «Биологиялық химия» оқулықтарын жазды. Профессордың бұл еңбектері жоғары оқу орындарында және орта мектептерде қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулық пен оқу құралдары ретінде пайдаланылып келеді.

 

Көшербай ағада нағыз педагогке тән ұқыптылық, ар тазалығы мен адалдығы қатар жүретін азамат, әр нәрсенің парқын және шешімін тез табатын туабітті қасиеттері бар. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 50 жылдан астам үздіксіз еңбек етіп, бұл күнде сексен жасқа қадам басса да, профессордың шәкірттерге кеңес беруден, әрі оқу құралы, сөздіктер жазудан қаламы мұқалмай жүргенін енді түсінгендеймін, қазақтың ежелгі білім ордасы қара шаңырақта әрқашан да орны бар, ізі өшпейтін адам.

 

Авторы: Жабал Шойынбет

Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

10.05.2023 ж.

Ақпарат көзі: zhasalash.kz