Main /
Mass media about us
25.04.2023 Тіл білімі мен ғылымы үйлестіріледі
Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру» орталығы ашылды. Тіл саласындағы ғалымдар осы орталықтың алдағы жоспарларын талқылап, «Қазақстандағы қазіргі қазақтілді контент: зерттеу парадигмалары» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда тіл ғылымын дамыту мәселелерін қозғады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләлов орталық жұмысы еліміздің жоғары оқу орындарындағы оннан астам диссертациялық кеңестің тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру бағытындағы консультативтік-кеңесшісі ретінде жалғасып, қазақ тілді ғылыми-зерттеулерді біріктіріп, дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, технологиялар қарыштап, көз ілеспес жылдамдықпен дамыған кезеңде ғылым - қоғамның, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші ретінде дамуы заңдылық. Сол себепті де еліміздің өзге мемлекеттермен иық тіресіп, алдыңғы қатардан көрінуіне отандық ғылым мен техниканың озықтығы ықпал етеді.
Орталықтың ашылуына орай, құттықтау хатын жолдаған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев ғалымдар жұмысына сәттілік тілеп, ғылымның әр саласы бойынша қорғалатын диссертациялардың ғылыми жаңалығы, мазмұны, оларға қойылатын талап та жоғары үдеден шығатындығына сенім білдірді.
Мұндай орталықтардың өзге ғылым салаларында да ашылғаны маңызды. Жиынға қатысқандар осындай пікір айтты. Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көпенова қазақ тіл ғылымының ғылыми-теориялық мәселелерін іргелі және қолданбалы зерттеулер деңгейінде ілгерілететін орталықтың ашылуы ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындайтын кезеңмен сәйкес келіп отырғандығын жеткізді. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов зерттеу тақырыптарының дербестігін, өзектілігін, жаңашылдығын үйлестіретін орталық жас ғалымдарды қолдау бағытындағы тың жобаларға бастамашы болса деген ұсынысын айтты.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжанова осы орайда қазіргі кезде жоғары оқу орындарының да, мектеп оқулықтарының да мазмұнында академиялық сипаттағы іргелі зерттеулер нәтижесінде алынған үлкен ауқымды тілдік империкалық база негізінде жасалған ғылыми қорытындыларына, ғылыми білімнің жүйесіздігіне алаңдаушылық білдіре келіп, алдымен қорғалатын диссертациялар тақырыбы реттеліп, әрі қарай академиялық, классикалық оқулықтардың сапасына орталық жұмысының нәтижесінде қол жеткізуге болады деген ұсыныс тастады.
Отандық тілтанымдық ғылымды жүйелеп, ізденіс бағыттарын айқындауда, ғылыми ойдың арнасын дұрыс жаққа бұруға сүбелі үлес қосқан академик Шора Сарыбаев бастап кеткен іргелі істердің осы орталықта жалғасын табатындығы ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Орталық басшысы, академик Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, соңғы кезде мамандарды диссертацияның мақсат-міндеттерін, өзектілігін айқындаудағы нақтылықтың өз деңгейінде болмауы, таңдаған тақырыптардың басқа диссертациялық жұмыстармен ұқсастығы алаңдатып келді. Соған орай тіл білімі бойынша қорғалатын диссертациялық жұмыстардың сапасына қатысты көптеген сын айтылды. Ендігі кезекте бұл мәселелер мамандардың жіті назарда болады. Осы орайда академик К.Құрманәлиев: «Көрнекті ғалым, академик Шора Сарыбаев негізін қалаған жолды жалғастыра отырып, орталық жұмысы аясында университеттер мен Ұлттық ғылым академиясының арасында тығыз ынтымақтастық орнатып, жас ғалымдар зерттеулері бағытын бір ізге түсіреміз», деді.
Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы алда маңызды жобаларға арқау болатыны сөзсіз. Оған сай жоспар да дайын, жігерлі мамандар да жеткілікті. Ендігі мақсат - заманауи технология тілін меңгерген ғалымдардың күшімен қазақ тілін әлемдік ғылым кеңестігіне шығаруға әрекет ету.
25.04.2023 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |