қазақша · русский · english
   
  Main  News
10.04.2023

«Менің пірім -Сүйінбай» VII халықаралық жас ақындар айтысы

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен, «ASSYLTAS» қоғамдық қорының демеушілігімен «Менің пірім -Сүйінбай» дәстүрлі VII халықаралық жас ақындар айтысы өтті.

 

Аталған университеттің 95 жылдығына арналған жыр бәйгесіне Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан ақындарын қосқанда қырыққа жуық ақын бақ сынасты. Жыр жәрмеңкесін «ASSYLTAS» қоғамдық қорының құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Дулат Тұрсынұлы, Абай университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов ашып берді.


Университеттің акт залында өткен бірінші күннің іріктеу кезеңінде ақындар жеребемен жұпталды. Жас ақындардың өнеріне баға беруге көптен бері айтыс төрінен көрінбей кеткен, ақын Жүрсін Ерман келді. Төл өнермен есімі бірге аталатын айтыстың қаранарын көрермен орындарынан тұрып, қол соғып қарсы алды. Қазылар алқасының қатары филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, айтыскер ақын, ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты Ринат Заитов, айтыскер ақын, Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы Әнуар Омар, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков қатарлы мүйізі қарағайдай әдебиет қайраткерлерімен толықты. Қазылардың шешімінен финалдық кезеңге 18 ақын жолдама алды.

 

Алатау дәстүрлі өнер театрында жалғасқан айтыстың финалдық кезеңі университет ректоры Дархан Біләловтың құттықтау сөзімен басталды. Сахнаға шыққан ақындарға айтыстың атасы Жүрсін Ерман бата берді. Екі күнге созылған дүбірлі додаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі құттықтау хат жолдады. Министр Саясат Нұрбек «...Халқымыздың сан ғасырдан келе жатқан қасиетті айтыс өнеріне деген құрметті айрықша. Бұл - кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Біржан мен Сара, Кемпірбай мен Шөже бабаларымыздан қалған асыл өнер. Ұлттық болмысымызды, қазақи құндылығымызды дәріптейтін айтыс өнері тәуелсіз ұрпақтық ұлттық қазынасы деп білемін. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегіне» балаған Сүйінбай бабамыз атындағы жыр додасының дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы, жастардың бойындағы ақындық дарынды дамытып, сурырыпсалма қабілетін шыңдауға, ақындық мектептің қалыптасуына негіз болатын, қазақ руханиятына қосылатын үлкен мұра болары сөзсіз...» деп жыр додасына қатысқан ақындарға шалқар шабыт тіледі.

 

Айтыстың толық нұсқасын алдағы уақытта «Домбыра» телеарнасынан көре аласыздар.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  


Ұлттық тәрбие орталығы