Main /
Mass media about us
06.04.2023 «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасы ашылды
Биылғы Ғылым онкүндігі аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтында «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға университеттің Басқарма мүшелері: зерттеу қызметі жөніндегі проректор Ермек Бөрібаев, әкімшілік және қаржы қызметі жөніндегі проректор Клара Исакова; әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, сондай-ақ Педагогика және психология институтының басшылығы және профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Жаңа зертхананың мақсаты - жалпы және қолданбалы психологияның өзекті мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, оқу және зерттеу процесін қажетті психодиагностикалық құралдармен және ғылыми-әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету болып табылады.
Зертхананың ғылыми-практикалық қызметінің негізгі бағыттары - педагогикалық білім беру саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар негізінде әзірленетін қазіргі заманғы компьютерлік психодиагностикалық әдістемелерге бағдарланған психодиагностикалық құралдарды жетілдіру.
Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева болашақ мамандарды даярлаудағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны мен ерекшеліктерін атап өтті. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Ниетбаева ғылыми-зерттеу зертханасын оқу үдерісіне енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру жоспарларымен бөлісті.
Іс-шара соңында «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының ашылуына демеушілік көрсеткен тұлғаларға алғыс хаттар табыс етілді.
«Практикалық психологты даярлау» мамандығының студенттері мен студенттік өзін-өзі басқару белсенділері зертхананың ашылуына және «Халықаралық психолог күні» кәсіби мерекесіне арналған мерекелік концерт ұйымдастырды. 06.04.2023 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
|