қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
26.11.2022

Ұстаздар ұстаханасында пилоттық жоба аясында танымдық кеш өтті

 


 

Жаңа оқу жылының басында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков, Педагогика және психология институтының педагогика кафедрасының меңгерушісі Шолпан Колумбаева, педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бауыржан Сайдахметов бастаған шығармашылық топ «Педагогикалық сыныптар құру» тақырыбында еліміздегі алғашқы пилоттық жобаны әзірлеген болатын.


Пилоттық жобанының мақсаты - оқушы жастарды педагогикалық салаға ерте бейіндеу, мұғалім мамандығына қызығушылықты арттыру және педагогикалық қызметте өзін-өзі тәрбиелеу және педагогикалық қызметтің мүмкіндіктеріне оң көзқарасты қалыптастыру. Жоба бүгінде жалғасып келеді. Айталық, идея авторы Дархан Біләлов жетекші педагогикалық университеттің басшысы ретінде педагогика жолын таңдаған оқушыларға 30 тегін грант бөлгенін және 20 оқушыға 50% жеңілдік беруге шешім қабылдағанын атап өткен жөн.


Осы жобаны іске асыру мақсатында 24 қарашада ұстаздар ұстаханасында «Мамандығым - мақтанышым» танымдық кеші өтті. Іс-шараға ҚР Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі, еліміздің еңбек сіңірген ұстазы А.Миразова, Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры М.Бектемесов, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Х.Жанбеков, педагогика кафедрасының доценттері М.Курсабаев пен Б.Сайдахметов қатысты.


Кездесуге Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының, К.Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектептің, №81 мектеп-гимназиясының және Ш.Смағұлов атындағы дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің 11-сынып оқушылары да келді. Олар пилоттық жобаның негізгі қатысушылары болып табылады.


Аягүл Миразова азаматтардың білім берудегі және жалпы адамды тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлін атап өтіп, өз өміріндегі мысалдармен ұлт алдындағы педагогиканың негізгі міндеттері туралы айтып берді.


Проректор Мақтағали Бектемесов кездесуді қорытындылай келе, болашақта мұғалім мамандығын таңдайтын оқушылар үшін университеттің есігі әрдайым ашық екенін жеткізді.


Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұл кездесу жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және жан-жақты диалог жағдайында өтті.

 

26.11.2022 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com