қазақша · русский · english
   
  Main  News
28.06.2022

Абай елін аралған Абай университеті


2022 жылдың 20-25 маусымы аралығында «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі мен Филология институтының ұйымдастыруымен Абай атындағы ҚазҰПУ жас зерттеушілері мен оқытушы-педагогтеріне арналған «Абай еліне саяхат» танымдық-мәдени экспедициясы мәресіне жетті.


Танымдық іс-сапар «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі географиясы» бағыттарына сәйкес, «Жаңа Қазақстан» мемлекеттік идеяларын қолдау мақсатында университет әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ, қазақ ақыл-ойының кемеңгері, ұлы ақын, хәкім Абай Құнанбайұлының шығармашылығымен етене танысып, Абай облысының білім беру және мәдени ошақтарымен рухани һәм мәдени ынтымақтастықты нығайту үшін ұйымдастырылды.


Аталған экспедиция мақсаты - өскелең ұрпақтың қасиетті орындарға барып, рухани танымдары мен ағартушылық ізденістерін күшейтіп, мамандану қабілеттеріне бейімдеу, аймақтың тамыры терең тарихын насихаттауға арналды. Сонымен қатар, аймақаралық білім берудің өзара заманауи білім мен мәдени ынтымақтастығын орнату, мемлекеттік бағдарламалардың білім беру мазмұнында өндірістік-әдістемелік білім тәжірибелерімен алмасу, жас мамандардың интеллектуалдық-рухани әлеуетін арттыру, өзара өлкетану мен тұлғатану бағытындағы рухани қозғалысының дамуына үлес қосу болды.


Жергілікті өлкенің тарихына терең үңіліп, қасиетті рухани құндылықтарымен танысу үшін, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қырықтан астам қатысушысы Абай облысының, Семей қаласының мәдени-рухани ошақтарымен, Абай ауданы «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен танысып, керемет әсер алып қайтты.


Бұл туралы «Абай еліне саяхат» танымдық-мәдени экспедициясының ұйымдастырушы өкілі Ермұхан Нұрман: «Абай еліне саяхат» танымдық-мәдени экспедициясы Абай облысы, Семей қаласы, Бөрілі-Жидебай аймағы бағыттары бойынша жүріп отырды. Бес күнге созылған экспедицияда Шәкерім университетімен ресми кездесу ұйымдастырылып, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Жидебай тарихи-мәдени қорығы, Бөрілі Мұхтар Әуезовтың этно-тарихи кешені, Еңлік-Кебек кешені, Алаш арыстары - Мұхтар Әуезов музейі мен Облыстық тарихи-өлкетану музейіне ат басын тіреді. Соның ішінде, ерекше әсер бергені Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болды. Ол Қазақстандағы ірі музейлердің бірі. Музейдің негізі 1940 жылы қаланған. Қазіргі таңда, қазақ халқының бірегей тұлғаларына арналған Семей қаласы және Шығыс Қазақстан облысының Абай, Үржар аудандарында орналасқан 8 музейді біріктірген рухани орда - ел мақтанышына айналып отыр.


Музей қорында 21 мыңнан астам тарихи жәдігер, ғылыми кітапханасында 16 мыңнан аса басылым сақталған. Олардың ең құнды және маңыздылары музей экспозицияларынан орын алған.


Шындығында бес күндік іс-сапарда рухани дамып, көкейге түйгеніміз көп болды. Ұлттық кодты сақтау үшін салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен өнерімізді, әдебиетіміз бен жоралғыларымызды болашақ ұрпаққа жеткізуде ойшыл атамыз Абайдың даналығы, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.


Меніңше, алдағы уақытта жергілікті өлкелердің киелі жерлері мен тарихи тұлғаларын жастар арасында кеңінен насихаттап, ұлықтау мақсатында қолға алынған шара, өзге елді-мекендерде де жалғасын табатын болады», - деді.


Іс-сапар соңына, университет өкілдері алыптардың асыл мұрасын көпшілікке насихаттап жүрген мұражайдың ғылыми қызметкерлеріне еңбекте табыс тілеп, зор алғысын білдірді.


Сондай-ақ, Абай атындағы ҚазҰПУ-ң Басқарма Төрағасы - Ректор Дархан Биляловтың аталмыш экспедицияны қолдағаны үшін Семей қаласының әкімінің-орынбасары Садырбаев Айдар Серікқазыұлына, Семей қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Маулитқызы Аққожинаға, Шәкәрім университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлына және Студенттер үйінің меңгерушілері Алимбекова Макыш Слямканқызы мен Толеуканов Айдос Абылғазыұлына Алғыс хаттары табысталды.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

«Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі