қазақша · русский · english
   
  Main  News
04.03.2022

«Менің пірім - Сүйінбай» республикалық студенттер айтысы

 

2022 жылғы 3-4 наурызда Абай атындағы ҚазҰПУ-да қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы және Алаш қозғалысының көсемі атанған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Менің пірім - Сүйінбай» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Айтысқа Республиканың барлық өңірлерінен келген ақындармен қатар еліміздің жоғарғы оқу орындарының дарынды жастары қатысты.

 

Іс-шараның мақсаты-жас дарындардың шеберлігін көрсету, А.Байтұрсыновтың өмірі, шығармашылығы мен ғылыми мұрасы туралы айту, жастарды өз елін сүюге, оның өркендеуіне өз үлесін қосуға және ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға үйрету.


Аламан додаға түсетін жас ақындардың айтысын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының Басқарама төрағасы, танымал ақын, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов, «Құрмет» орденінің иегері айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Қазақ ұлттық өнер университетінің « Дәстүрлі ән » кафедрасының аға оқытушысы, айтыстың ақтаңгері Еркебұлан Қайназаров, ҚР Мәдинет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев қатарлы өнер майталмандары қазылық етті.

 

Айтыс екі кезеңнен 3-4 наурыз аралығында өткізілді. Ақтық кезеңге жиырма айтыскер өтіп, көрермен ілтипатына ие болды.

 

Айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлде мен 350 000 теңгені Айбек Жеңісқазин жеңіп алды; I орын мен 250 000 теңгені - Нұрбол Жауынбаев; II орынды иеленген Ерасыл Жақсыбек пен Айым Асылбекқызы 150 000 теңгеден алды.III орынды Бексұлтан Орынбасаров, Жанарыс Тілеубек және Бекеғали Бекболат бөлісті: әрқайсысына 100 мың теңгеден табысталды.

 

Айтысқа қатысушылар университеттің алғыс хаттарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.