қазақша · русский · english
 
 
   Главная / Әбілқасымова Алма Есімбекқызы

Әбілқасымова Алма Есімбекқызы

 

Әбілқасымова Алма Есімбекқызы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Ресей білім академиясының академигі, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің «Математика» мамандығы бойынша (1972 ж.) түлегі.
14 жылдан астам ҚР БҒМ түрлі республикалық білім беру ұйымдарының (Жоғары білім беру институты, Жалпы білім беру институты, 12 жылдық білім беру проблемалары республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы) бірінші басшысы болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ 1996-1998 жылдары кафедраны басқарды, ал 2013 жылдың сәуір айынан бастап педагогикалық білім беруді дамыту орталығының директоры, математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі.

Ғылыми қызығушылықтары - жоғары және орта білім берудің дидактикасы, үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесінің әдіснамасы мен даму стратегиясы, білім берудің стандарттары мен мазмұны, мектеп пен ЖОО-да физика-математикалық пәндерді оқытудың теориясы мен әдістемесі.
Білім беру саласындағы ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобалардың жетекшісі (1997 - 2020жж.); 13.00.02 - оқыту теориясы мен әдістемесі (математика, физика, химия) мамандығы бойынша докторлық (кандидаттық) диссертацияны қорғау бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы (1997-2010жж.); 6D010000 - «Білім (математика, физика)» бағыты бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы (2016 жылдан бастап).
Халықаралық педагогикалық академияның мүшесі (Мәскеу, 2000 жылдан бастап), Халықаралық Жоғары Мектеп Ғылым академиясының академигі (Мәскеу, 2000 жылдан бастап), Қазақстанның жоғары мектебі ғылым академиясының мүшесі (2001 жылдан бастап), Ресей білім академиясының шетелдік мүшесі (Мәскеу, 2012 жылдан бастап), Педагогикалық университеттердің Еуразиялық қауымдастығы кеңесінің мүшесі (Мәскеу, 2016 жылдан бастап), Педагогикалық университеттердің Еуразиялық қауымдастығы президиумының мүшесі (Мәскеу, 2016 жылдан бастап), «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері» (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі (Алматы, 2018 жылдан бастап), Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесінің мүшесі (2019 жылдан бастап), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі (2020 жылдан бастап), «Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер. Әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер және технологиялар» ғылыми-практикалық журналының редакциялық кеңестің мүшесі (Мәскеу), «ҚазҰПУ хабаршы. Физика-математика ғылымдары» сериясы ғылыми журналының редакциялық кеңесінің мүшесі (Алматы), «Педагогика және психология» ғылыми-әдістемелік журналының редакциялық кеңесінің мүшесі (Алматы).
Ғылыми-педагогикалық қызмет кезеңінде оның қатысуымен: үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесінің әдіснамасы мен даму стратегиясы; оқытудың пәндік әдістемелерінің әдіснамасы мен дидактикасы, атап айтқанда математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі; педагогтің пәндік-кәсіптік білім беруінің іргелі негіздері және оны оқытудың практикалық бағыты әзірленді; жалпы орта және жоғары педагогикалық білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, олардың негізінде пәндік оқу және білім беру бағдарламалары әзірленді және олар бойынша еліміздің білім беру ұйымдарында оқыту жүргізіледі. ҚР «Білім туралы» Заңын және Қазақстан Республикасындағы білім және ғылым жүйесін дамытудың бірқатар мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге қатысты.
Әбілқасымова А.Е. 500-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, оның ішінде Қазақстан мен Ресейде шығарылған 31 монографияның, энциклопедиялық (білім және ғылым) және терминологиялық (математика) сөздіктердің, көптеген оқу құралдарының, Scopus, Web of Science, Thomson Reuters, РИНЦ ДБ халықаралық рейтингтік журналдарындағы мақалалардың, сондай-ақ республиканың жалпы білім беретін мектептеріне арналған қазақ, орыс, ұйғыр және өзбек тілдеріндегі математика, алгебра, алгебра және талдау негіздері бойынша оқулықтардың авторы болып табылады. Оның жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтары бойынша шетелдегі қазақ диаспорасы да білім алуда.
Ол ғылыми мектеп құрды - математиканы оқытудың дидактикасы мен әдістемесі бойынша 10 доктор және 31 педагогика ғылымдарының кандидаты және білім беру математикасы бойынша 4 философия докторы (PhD) дайындады. Қазақстан Республикасының жетекші ғалымдарының Ұлттық рейтингіне кіреді.
Ресей білім академиясы (Мәскеу қ.), Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университеті (Мәскеу қ.), К.Г. Разумовский атындағы Мәскеу мемлекеттік технологиялар және басқару университеті (Мәскеу қ.), Оңтүстік-Батыс мемлекеттік университеті (Курск қ.), Қырғыз білім академиясы (Бішкек қ.), Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Бішкек қ.), Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті (Бішкек қ.) сияқты шетелдік ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен халықаралық деңгейде ынтымақтастық жасайды.
Оның жетекшілігімен кафедра жанында «Мектеп пен ЖОО-да физика-математикалық пәндерді оқытудың дидактикалық-әдістемелік негіздері» атты ғылыми-әдістемелік семинар жұмыс істейді, оған келесі жетекші шетелдік ғалымдар кіреді: РБА академигі, п.ғ.д., Даму стратегиясы институтының профессоры М.В. Рыжаков, п.ғ.д., профессор, К. Разумовский атындағы Мәскеу мемлекеттік технологиялар және басқару Университетінің Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Шишов С.Е., ф.-м.ғ.д., профессор, Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің Элементарлық математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі В. А.Смирнов., ф.-м.ғ.д., Оңтүстік-батыс мемлекеттік университетінің профессоры В. П. Добрица, п.ғ.к., профессор, РБА математика және информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі орталығының меңгерушісі Е.А.Седова, п.ғ.д., профессор, Еуразиялық педагогикалық университеттер қауымдастығының директоры Э.М. Никитин, п.ғ.д., профессор, Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің физиканы оқыту технологиясы кафедрасы меңгеруші Мамбетакунов Э.М., п.ғ.д., Қырғыз білім академиясының профессоры Бабаев Д.Б.
Елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға және арттыруға үлкен жеке үлес қосқан ірі әдіскер-ғалым ретінде мемлекеттік наградалармен - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2002 ж.), «Құрмет» ордені (2007 ж.), «Парасат» ордені (2018 ж.); Мемлекеттік мерейтойлық медальдармен - 6, сондай-ақ «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісі (2000 ж.), «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалі (2004 ж.), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі (2009 ж.), «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен (2010ж.) марапатталды.

 


← Вернутся назад