қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
18.02.2022

Энтомолог-ғалым 100-ден астам қатты қанаттылар тіршілігін зерттеген

 


 

Жас зерттеуші Арнұр Кенжеғалиев - Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының докторанты.

 

Студенттік жылдарда жартылай қанатты зерттеу ісіне түпкілікті берілген Арнұр алғаш рет жартылай қатты қанаттыларына инвентаризация жүргізіп, осы отряд фаунасына кешенді талдау жасап, нәтижесінде 25 тұқымдасқа жататын 162 түрді анықтаған болатын. Дипломдық жұмысы ретінде таңдаған Сайрам-Өгем ұлттық паркіндегі жартылай қатты қанаттыларын (фауна, биология, экология және шаруашылық маңызы) зерттеу тақырыбына да үлкен ізденіспен бара білгендігін ұстаздары жоғары бағалады.

 

Энтомолог мамандығын алып шыққан жас зерттеуші магистратураға түскеннен кейін де зерттеулерін жалғастыра берді. Магистрлік диссертациясын Іле-Алатау ұлттық паркіндегі ағаш өсімдіктеріне жартылай қаттықанаттылардың (Heteroptera) әсеріне арнады. Тәжірибелі энтомолог ғылыми жетекшісінің жетекшілігімен парк аумағымен танысып, негізгі жұмыс әдістерін меңгерді. Бүкіл парк аумағынан ол жартылай қатты қанаттылар туралы сирек материал жинап, жақсы нәтижеге қол жеткізді. «Сырдария өзені атырабының сулы-батпақты алқаптарының және Кіші Аралдың эко-мониторингі» жобасы бойынша Сырдария өзені атырабының биоалуантүрлілігінің қазіргі жағдайын бағалау және экожүйелердің тұрақты жұмыс істеуі бойынша ұсыныстар әзірлеу бағытындағы зерттеулері зая кеткен жоқ.

 

Магистратурадан кейін «Байсерке-Агро» оқу ғылыми-өндірістік орталығында» ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру және асыл тұқымдық сапасын жақсартудың кешенді жүйесін әзірлеуге байланысты және де жемшөп дақылдарын өңдеу және дайындау технологияларын жетілдіруге қатысты жобалармен, сонымен бірге Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында «Энтомопатогенді аскомицеттерді ауыл шаруашылығы дақылдарының эндофиттері ретінде қолдану» жобасын Биотехнология зертханасында кіші ғылыми қызметкер бола жүріп іске асырды.

 

Қазіргі кезде Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының энтомология зертханасының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істейтін Арнұр Кенжеғалиев «Қазақстанның оңтүстік-шығысы жағдайында ҰҰА мен энтомофагтар негізінде Tuta Absoluta - карантиндік нысанға қарсы биологиялық күрес әдістерін жетілдіру» және «Қазақстан Республикасының аумағында қауіпті, аса қауіпті карантиндік зиянды организмдердің таралуын болжау әдістемесін әзірлеу» зерттеулерін жүзеге асырып келеді.

 

Арнұр Мирамұлын өзін білікті әрі ақпаратты жылдам игере білетін маман ретінде көрсетті. Далалық зерттеулер барысында жаңа дағдыларды игеруге деген құлшынысы жас зерттеушіні тың жобаларға ынталандырып келеді. Арнұр Кенжеғалиев табандылығының, өз кәсібіне деген зор сүйіспеншілігінің нәтижесінде «Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның тау экожүйесінің жартылай қатты қанаттылары» докторлық диссертациясына да тың әрі қызықты материалдар жинай білді. Жартылай қатты қанаттылардың биологиясын, экологиясын зерттеген жас зерттеуші бүгінде қырықтан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде бірлескен жұмыстары да бар. Бүгінде 2 пайдалы модельге патент, 2 авторлық куәлік алған жас зерттеушінің мақалалары Scopus-та жарияланып, 1 кітабы жарыққа шықты. Ғылыми теория мен тәжірибені ұшқыр ұштастыра білген жас ғалым ендігі кезекте сирек тақырыптарды зерттеуді ойластырып жүр.

 

18.02.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz