қазақша · русский · english
   
  Main  News
15.02.2022

Абай университетінде «Жас зерттеушілер кеңесі» құрылды

 

2022 жылғы 14 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жас зерттеушілер кеңесі» құрылып, Кеңестің №1-ші отырысы болып өтті. Кеңестің алғашқы отырысына университет ректоры Дархан Біләлов, зерттеу қызметі жөніндегі проректор Ермек Бөрібаев және Ғылым департаментінің директоры Ұлжарқын Әбдіғапбарова қатысты.

 

Отырыстың күн тәртібінде: «Жас зерттеушілер кеңесі(ЖЗК)» туралы, ЖЗК төрағасы мен комитеттерінің жетекшілерін тағайындау және кеңес құрамын бекіту; Жас зерттеушілер кеңесінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары туралы және т.б. мәселелер қарастырылды.

 

Ғылым департаментінің ұйымдастыруымен құрылған Кеңестің құрамында талантты 32 жас зерттеуші бар. Кеңес 4 комитетке бөлінген және әр комитеттің атқаратын өз қызметі бар екендігін айта кеткен жөн. Отырыс барысында Кеңестік төрағасы мен 4 комитеттің жетекшілері тағайындалды.

 

Университет басшылығы мен кеңес мүшелерінің ортақ ұсынысымен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Жас зерттеушілер кеңесінің» төрағасы болып университеттің постдокторанты, PhD Шахислам Лайсханов, Ақпараттық комитет жетекшісі болып постдокторант, PhD, әлеуметтанушы Талғат Қилыбаев, Ғылыми этика комитетінің жетекшісі болып постдокторант, PhD Нұрбол Усенов, Ғылыми-әдістемелік комитет жетекшісі болып PhD, С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған проф. м.а. Гулсамал Дюсембина, Коллаборация комитетінің жетекшісі болып Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушы, магистр Әлібек Байбол тағайындалды.

 

Отырыс барысында Кеңес төрағасы Шахислам Лайсханов Кеңестің 2022 жылға арналған жоспарын таныстырды. Университет басшылығы жылдық жоспарды бірауыздан мақұлдап, кеңес жұмысына сәттілік тіледі.