Main /
Mass media about us
05.02.2022 «Шамның» жарығы шағын қалаға түскенде
Наурыз айынан бастап еліміздегі шағын қалалардың тұрғындары баспаналы болуда жеңілдетілген несиенің игілігін көрмек. «Отбасы банкі» даму әлеуеті төмен моноқалаларға осындай мүмкіндік сыйлап отыр. Мұның өзі де шаруасы шатқаяқтап тұрған шағын қалалардағы көп түйткілдің шешімін табуға сеп. Алайда тұрғындары облыс орталықтары мен мегаполистерге бет түзеген шағын қалаларда баспана мәселесі қаншалықты өзекті?
Қазір ел аумағында бір кездері үлкен өндіріс ошағының маңына шоғырланып, тікелей Мәскеудің бақылауында болған 27 моноқала бар. Кеңес Одағы тараған соң бұл қалалардың да басынан бақ тайды. Кейбіріндегі өндіріс ошағы жабылып тынды. Жұмыссыз қалған өндірістік кент тұрғындары жайлы тұрмыс іздеп, ірі қалаларға қоныс аударды. Статистика соңғы ширек ғасырда еліміздегі моноқалалар тұрғындарының саны 2 есе азайып кеткенін растайды. Өткен ғасыр соңында шағын қалаларда 3 миллионға жуық адам өмір сүрсе, бүгінде олардың саны 1,5 миллионға да жетпейді.
Сонда да болса моноқалалардың барлығы бірдей жойылып кеткелі тұр деп дабыл қағуға келмейді. Арасында тіршілік қазанын қайнатып, өндіріс көлемін жыл санап ұлғайтып жатқаны да баршылық. Қазір республикадағы өнеркәсіптік өндіріс өнімдерінің 40 пайызы дәл осы шағын қалаларда өндіріледі. Өз кезегінде бұл фактор өндіріске бейімделген моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге мықтап мойын бұруды талап етеді.
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде мемлекет өзге өңірлермен бірге шағын қалалардың да әлеуметтік-экономикалық дамуын назардан тыс қалдырмады. Мәселен, 2012 жылдың мамыр айында моноқалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ел аумағында 27 шағын қаланың шырайын келтіруді мақсат еткен бағдарлама 4 негізгі көрсеткіштен тұрды. Мұнда шағын қалалардың экономикасын әртараптандыру, еңбек ресурстарын тиімді басқару, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қамтылған. Алайда бұл мәселелердің ішінде шағын қала тұрғындарын баспанамен қамту жайы назардан тыс қалды.
«Отбасы банкі» осы мәселенің шешімі ретінде жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеп шықты. Оны Үкімет отырысында Премьер-Министрге таныстырды. Қазір салалық министрліктермен жекелеген параметрлері бойынша нақтылау жүргізіліп жатқан бағдарлама арқылы ипотека алудың тәртібі қарапайым. Ол үшін несие алушы тұрғын үй құнының 10 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеуі керек. Қалған сома банк есебінен беріледі. Оны тұтынушы 20 жыл ішінде 5 пайыздық жылдық тиімді мөлшерлемемен төлей алады.
Алдын ала есеп бойынша, шағын қалалардағы ипотекалық несиені қаржыландыруға республикалық бюджеттен жыл сайын 11 миллиард теңге бөлу қажет. Дегенмен сарапшылар шағын қала тұрғындарының баспана мәселесін шешуге бағытталған бағдарламаның өміршеңдігіне күмән келтіреді. Олардың пікірінше Үкімет моноқала тұрғындарын баспанамен қамтудан бұрын, жұмыс орындарын құруға басымдық бергені дұрыс.
- Бізде Үкімет даму бағдарламасын әзірлеген сәтте жергілікті жердегі нақты мәселені анықтай алмайтын сияқты. Өйткені қазір шағын қала тұрғындарының баспана мәселесін шешу үшін жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосудың түкке қажеті жоқ. Мұнда баспанадан бұрын жұмыспен қамту мәселесі өзекті.
Сондықтан қаражатты жаңа жұмыс орындарын құруға бағыттаған дұрыс. Өндіріс орындарында жұмыс болса шағын қалалар да жастарды өзіне тарта алады. Ал жұмысы бар, тұрақты табысы барларға шағын қалаларда баспаналы болу қиындық тудыра қоймайды, - дейді экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябеков.
Шынында, бір кездегі өндірістік қуатынан айырылған моноқала тұрғындарын баспанадан бұрын жұмыспен қамту мәселесі көп ойлантса керек. Жергілікті тұрғындарда үй бар. Тек жұмыстың жоқтығы қинайды. Әрі соңғы жылдары мұндай мекендерге көшіп баратындардан көшіп кететіндер көп. Демек, баспанаға анау айтарлықтай мұқтаждық жоқ. Керісінше, жергілікті биліктің барды ұқсата алмауынан өндірістік қалалардағы көппәтерлі үйлердің дені бос қалып жатыр. «Осы жағдайда моноқалалардағы баспанамен қамтуға арналған ісін қаржыландырудың қажеті бар ма?» деген сұрақтың тууы заңды.
Демографиялық статистика зерттеушісі Мақсат Имандосов та шағын қалалардағы жұмыспен қамту мәселесін шешпей, ондағы өзге қалаларға ағылған халықтың нөпірін тоқтату мүмкін емесін тілге тиек етті.
- Мен тұратын Ақтөбе қаласының шеткі аудандарына 25 жылдан бері халық ауыл-аймақтан толассыз көшіп келіп жатыр. Олардың ішінде облыстағы моноқалалардың тұрғындары бар. Жұмысы болса, олар жылы орнын суытпас еді ғой.
Сондықтан шағын қалаларда баспана мәселесінен бұрын жұмыс орындарын көптеп құрмай, олардың көші-қонының алдын алу мүмкін болмайды. Тіпті, ипотекалық несиені ең төменгі пайызбен берсеңіз де жұмыс жоқ жерден баспанамен жарылқап ешкімді ұстап отыра алмайсыз. Әрі ол несиені төлеу үшін де тұрақты табыс керек емес пе? - дейді М.Имандосов.
Осылайша, шағын қалаларда баспанамен қамту мәселесіне келгенде сарапшылардың ойы бір жерден шықты. Олар жергілікті тұрғындарға жеңілдетілген ипотекалық несие беруден бұрын екі қолына бір күрек ұсынуды жөн деп біледі.
Алайда біздегі шағын қалалардың даму динамикасы, өндірістік, экономикалық әлеуеті әрқилы екенін ескерсек, бұл мәселеге біржақты пікір білдіруге тағы болмайды. Яғни, шағын қалаларда жұмысы бар, басында баспанасы жоқ тұрғындар да болуы мүмкін. Тіпті, олар баспана алуда жеңілдетілген ипотекалық несиенің көмегіне жүгінуді сарыла күтуі де ғажап емес. Мәселен, Жамбыл облысындағы Қаратау қаласының тұрғыны Ерболат Жарқынбекұлы дәл осы бағдарлама арқылы баспаналы болудан үмітті.
- Қазір қызметтік пәтерде тұрып жатырмын. Мүмкіндік болып жатса, жеке пәтер алу жоспарда бар. Қазір Қаратаудағы пәтерлердің орташа құны 3 миллион теңгеден басталып, 8 миллион теңгеге дейін жетеді. Сондықтан өз басым моноқала тұрғындарына арнап жеңілдетілген ипотекалық несие беруді асыға күтіп жүрмін. Баспаналы болып жатсам, Қаратауда қалу туралы да ойланып көруге болады, - дейді ол.
Еліміздің бірнеше моноқаласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Думан Тоқтарұлы да моноқалалар тұрғындарын жеңілдетілген ипотекамен қамтамасыз ету қажеттігін айтады. - Еліміздегі шағын қалалардағы тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Бұл фактор қалалардағы әлеуметтік жағдайды шиеленістіріп отыр. Жалпы, шағын қалаларда қалыптасқан мәселелердің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық сипаты бар. Сондықтан моноқалалардан көшетіндердің саны артпаса кеміген жоқ. Менің ойымша, әрбір моноқаланың жалпы әлеуетін ескере отырып, постиндустриялық жаңаша даму сценарийін жасау қажет. Мұнда аталған мәселелермен бізден бұрын келген, батыс елдерінің тәжірибесі мен дәл осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасаған мамандардың ғылыми тұжырымдарына иек артуға болады, - дейді Думан Тоқтарұлы.
Бір сөзбен айтқанда, моноқала тұрғындарын арнаулы ипотекалық бағдарлама арқылы баспанамен қамтуда әлі де ескеруге тұратын жайттар жеткілікті. Баспанадан бұрын жаңа жұмыс орындарын ашуға көңіл бөлгенді құп көретіндердің де пікірі құнды. Солай екен деп жұмыс бабымен шағын қаланың тұрғыны атанғандарды баспаналы болу мүмкіндігінен айыруға болмайды. Керісінше, жергілікті билік мұны шағын қалалардың шырайын қайта кіргізудің тетігі ретінде қарастырса қапы қалмайтыны анық.
05.02.2022 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz |