Main
News
30.01.2017 28-ШІ ҚЫСҚЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАНЫ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ
Елімізде алғашқы рет ұйымдастырылғалы отырған 28-ші қысқы Дүниежүзілік Универсиадаға дайындық жұмыстары қарқынды жүруде. Алматы қаласында өтетін халықаралық спорт додасына 50-ден астам елден студент-спортшылар өз бақтарын сынамақ. Бұл спорттық ойындарға қатысатын спортшылар мен қонақтарға қала бойынша 3000 ерікті қызмет көрсетуге әзір. Еріктілер қатарында біздің университетіміздің 70-тен астам еріктілері қызмет көрсетеді. Осы орайда, Универсиада барысында қоғамдық тәртіптің сақталуына қолдау көрсету, студент -жастарды спорттық ойындарға белсенді қатысуын қамтамасыз ету, еріктілерге нұсқау беру мақсатында 2017 жылдың 26 қаңтары күні Тәрбие ісі жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев институт директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және еріктілермен жиын өткізді. Жиын барысында проректор Ж.Е. Ішпекбаев Алматы қаласында тұңғыш рет өткізілгелі отырған Универсиада - 2017 ойындарының еліміз үшін маңыздылығын атап айтып, спорттық ойындар барысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және жастардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларымен таныстыру үшін Медеу ауданы жергілікті полиция бастығының орынбасары Алмас Нұрқанатқа сөз кезегін ұсынды. Полиция қызметкері өз кезегінде Универисада жүру барысында қаладағы қоғамдық тәртіпті күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жасалып жатқан күрделі жұмыстар туралы мәлімет берді. Одан әрі проректор Ж.Е. Ішпекбаев институт директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын 29 қаңтар күні өтетін Универсиада алауы эстафетасының жүру тәртібі мен спорттық мерекенің ашылу салтанатына көрермен ретінде қатысатын 400 білім алушының тізімін таныстырды. Сонымен қатар, Универсиада алауын көтеруші екі белсенді студентіміз Барах Мейрамбек пен Ділдабек Дидарбекке университетімізден 1500 студент пен магистрант жанкүйерлік қолдау көрсететіндігін хабарлады. Жиын қорытындысында проректор Жанатбек Ешенқожаұлы барша еріктілерге дүбірлі дода барысында атқаратын жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, университет абыройын асқақтату үшін аянбай етуге шақырды.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқарма
|