Main
News
29.11.2016 «АЛМАТЫ - АЛАШТЫҢ АЙНАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
2016 жылдың 29 қарашасы күні Алматы қаласының 1000 жылдығы және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан республикасы Президенті мұрағатының және тарихшы ғалымдардың қатысуымен «Алматы - Алаштың айнасы» атты тақырыптағы дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел жұмысын Тәрбие басқармасы бастығының орынбасары Қазына Бекбенбетова ашып, қатысушы қонақтар мен жастарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтай келе Алматы қаласының әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан дамуы мен өсіп-өркендеуі туралы кеңінен ақпарат беріп өтті. Дөңгелек үстелдің модераторы, Тарих және құқық институты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Битұрсын Ғалымжан Шәмшидинұлы келесі сөз кезегін Қазақстан Республикасы Президенті архиві, Мұрағат қорларын сақтау және мемлекеттік есепті қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бекишева Гаухар Оразайқызына берді. «Алматы тарихы - ҚР Президенті архиві құжаттарында» атты баяндамасында Гаухар Оразайқызы өз елінің тарихы мен дәстүрін құрметтейтін Қазақстанның кез келген азаматы мақтан тұтатын тарихи оқиғаларға шолу жасап, Тәуелсіз жылдардағы Алматы қаласының тарихында орын алған айтулы даталарға тоқтала өтті. Сөз кезегін алған Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Нұржанов Арнабай Әбішұлы Алматы қаласының 1000 жылдығын мерекелеу ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясының шешімімен ЮНЕСКО-ның 2016 жылға арналған мерейтойлық және даталы күндерінің Күнтізбесіне ресми түрде енгізілгендігі жайлы қомақты ақпарат берді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев осы сессияда сөз сөйлеп, бұл оқиғаны Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі деп атап өтті. ЮНЕСКО-ның 2015 жылғы 2 қарашадағы №38с/15 Қарарына сәйкес қазақстандық тарап жалпықалалық және халықаралық деңгейдегі тақырыптық іс-шараларды өткізу бөлігінде бірқатар міндеттемелерді орындауы қажет болды. Осыған байланысты, алдағы мерейтой халықаралық мәртебеге ие болғанын және Алматы қаласының тарихына шолу жасап дөңгелек үстелге жиналған қонақтарға ауқымды мағлұматтар бере білді. Келесі сөз кезегін алған тарих ғылымдарының докторы, «Әлем тарихы» кафедрасының профессоры Ғали Әзімбай Бейсетбайұлы Алматы қаласының Жетісу өлкесі мен бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірін тауармен қамтамасыз еттеін өндірістік-техникалық орталыққа айналу тарихын баяндайтын «Ескі және жаңа Алматы: этнодемографиялық өзгерістер» деген тақырыпта баяндама жасады. Сондай-ақ, ҚазҰПУ студенттері тарапынан тарихы бай, өткені өнегелі, келешегі жарқын Алматы қаласының алып өлкесінің тарих қойнауында жатқан тамырларын, өркениеті мен мәдениетін, Тәуелсіздіктің алғаш жылдарындағы рөлін ашып көрсететін баяндамалар жасалып, еркін пікірлер айтылды. Түйіндей айтарымыз, Алматы - Қазақстанның ірі өнеркәсіп және қаржы орталығы. Қазіргі таңда еліміздің бас қаласы болмаса да, Алматы қаласы қаржы мен сауданың халықаралық орталығы мәртебесін сақтап қалып, әлімдегі мәртебесі нық, ХХІ ғасырға лайық қалалардың бірі. Не айтсақ та, Алматының әсем табиғаты мен шырайлы шуағы кез келгенге туған анасы әлдилегендей сезім ұялататыны анық.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқармасы
|