қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
21.09.2021

Ұлтты ұлықтайтын суреткер

 



Кейде, қолым бір қалт етіп босай қалған сәттерде, театрдан немесе теледидардан кісінің көптен бері қалғып кеткен ойлары мен кейбір сезім күйлерін қозғайтын тартымды спектакльдер мен кинофильмдерді іздеп жүріп көретінім бар. Өкінішке қарай, ондай классикалық дүниелер күнде туа бермейді емес пе, сондықтан да мұндай бақытты сәттер қай-қайсымыздың да басымызда көп ұшыраса қоймайды.

 

Осы жуырда республикалық Abai TV телеарнасынан сондай сирек дү¬ниелердің бірі, талантты драматург, жазушы Серік Асылбекұлының Алматыдағы М.Әуезов атындағы ұлттық академиялық драма театры сахналаған «Империядағы» кеш» деп аталатын спектаклі көрсетілді. Ең алдымен байқағаным, айтулы, таңдаулы музыкалық шығармалардың өзінің алғашқы аккордтарымен-ақ кісіні баурап, тартып ала жөнелетіні секілді бұл спектакль де мені алғашқы кадрларымен, сахналық көріністерімен-ақ қызықтыра бастады.


Кейінірек мұның сыры неде деп ойлап көрсем, бұл спектакльде шыншыл, талантты жазылған пьеса авторы мен дарынды режиссердің (спектакль режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева) суреткерлік қолтаңбаларының және осылармен бірге Жасұлан Байсалбеков, Нұржан Бексұлтанова, Дулыға Ақмолда, Жалғас Толғанбай, Гүлнар Жақыпова, Анар Бөкенбай секілді т.б. актерлер ойындарының бір-бірлерімен табиғи үйлесім тапқан ан-самблі бар екен.


Екіншіден, спектакльдің өмірлік материалы барынша шынайы, сондықтан ол көрерменді қапысыз сендіреді. Өз басым сахнадан кәсіби актерлердің ойынын емес, өзіміз талай куә болған өмірдің шынайы көріністерін қайта бір тамашалап отырғандай күй кештім.


Спектакльде күні кеше ғана социализм деп аталатын қоғамдық формацияда өмір сүрген қазіргі қалалық қазақтардың капитализм, нарықтық экономика деп жүрген мүлде жаңа экономикалық, саяси-әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесіне өткен кезеңдегі сана-сезімдерінде, дүниеге көзқарастарында болған психологиялық өзгерістердің трансформациялануы бейнеленеді. Оқиға «Империя» деп аталатын сән-салтанаты келіскен заманауи ресторанда өтеді. Бір кезде университеттегі бір кафедрада бірге жұмыс істеген бір топ оқытушы сонау жылдары өздерімен қызметтес болған, ал бұл күндері атағы мен абыройы бір басына жетерлік әйгілі коммерсант, «Империя» ресторанының қожайыны Айдар Сейітқалиұлын туған күнімен құттықтап келеді.


Жанға жайлы кеш. Алматы¬ның қақ төрінде орналасқан аталған мекемеде қонақтарға арнап аста-төк дастарқан жайылған. Ақжарма тілектер, бір-бірін қатты сағынысқан бір кездегі әріптес достардың әдеттегі тост үстінде айтылған тәтті-тәтті сүйіспеншілікке толы лебіздері. Осылардың бәрін көріп отырған көрермен алғашында «Шіркін, тоқшылық, байлық деген адамды қалай бақытты етеді, сондықтан мына өмір осынысымен ғана сәнді, осынысымен ғана мәнді екен ғой» деп іштей елтіп отырады.


Алайда бұл сезім көпке ұзамайды. Бірнеше рюмка «ақаңды» іштеріне тастап-тастап алған кейіпкерлеріміз біраздан кейін өздерінің шын бет-бейнелерін аша бастайды. Сөйтсек бүгінде кемеліне келіп, төрт құбыласы түгенделген Айдар Сейітқалиұлы бұрынғы қоңторғай, жалаңаяқ әріптестерін қазір іштей менсінбейді екен. Ол бір кездері оларды құрмет тұтып, сыйласа, дәл қазір өйтуге онша-мұнша құлқы жоқ көрінеді, сондықтан да ішіп алып, оларға өктемдігін көрсетуді де өзіне ешқандай артық санамайды енді.


Бар пәле ресторан қожайынының (әртіс Жасұлан Байсалбеков) өзін құттықтауға келген бір кездегі өзінің бастығы кафедра меңгерушісі, профессор Сұлтанбек Ертуғанұлының (актер Жалғас Толғанбай) жанына ертіп келген нақсүйер сұлу аспиранткасы Гүлденге (актриса Анар Бөкенбай) қырындауынан басталады. Профессор алғашында мұны байқамаған, елемеген болады. Бірақ Айдар Сейітқалиұлының «өз меншігіне» шындап қол сала бастағанына анық көзі жеткеннен кейін, қанша айтқанмен еркек емес пе, ол қаһарына мінеді. Сөйтіп тым әдемі өтіп жатқан туған күн кешінің топалаңы шығады.


Негізі адамдардың шынайы бет-бейнесі көркем шығармадағы конфликт, коллизия өзінің апогейіне жеткенде ашылады емес пе, «Империядағы» кеште» де солай болады. Бір-бірімен салғыласып, төбелесуге дейін барған Айдар мен профессор осы спектакльде тек өздерінің шын болмыстарын ғана әшкерелеп қоймай, осы драманың басқа да кейіпкерлерінің психологиялық портреттерін біздің үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген жаңа бір қырларынан ашуға нағыз бір таптырмайтын жарқын мысалдар болады. Өйткені енді спектакльдің қалған кейіпкерлерінің осы драманың басты кейіпкерлері Айдар мен Сұлтанбектің қайсысының жағына шығарын білмей бастары қатады.


Шынында да аяқастынан сахнадағы ситуация жүз сексен градусқа бұрылып, өте күрделеніп кетеді. Әсіресе аға оқытушы Тойболдыға (актер Дулыға Ақмолда) қиын-ақ! Ол үшін «олай тартсаң - өгіз өледі, былай тартсаң - арба сынадының» кері. Өйткені Тойболды профессорды тәрк етіп, бір кездегі қанды көйлек досы, оны былай қойғанда, қайбір жылы аяқастынан істі болып қалған туған балдызын соттан аман алып қалу үшін жағдай айтып алдына барғанда сейфінен сөзге келместен қарызға бұған он мың долларды суырып бере салған Айдардың жағына шығайын десе, алдағы бүкіл қызметтік мансабы кафедра меңгерушісі Сұлтанбек Ертуғанұлына байлаулы. Өйткені Сұлтанбек тек кафедра меңгерушісі ғана емес, университеттегі кандидаттық, докторлық қорғайтын диссертациялық кеңестің білдей төрағасы. Сондықтан кезінде «Жетісуда Кеңес өкіметін орнатудағы Коммунистік партияның рөлі» атты кандидаттық диссертациясын енді әне-міне қорғайын деп тұрғанда, қасақана тап соны күтіп тұрғандай сол Кеңес өкіметінің өзі 1991 жылы аяқастынан тыраң асып, құлап қалғандықтан диссертациясының алғашқы тақырыбы өзектілігін жоғалтып, сол себепті енді қазір «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының тарихын зерттеуге көшкен Тойболдының профессордан сырт айналуға еш мүмкіндігі жоқ еді.


Осылайша, екі лапылдап жанған оттың ортасында қалған аға оқытушы енді жанын шүберекке түйіп, осы кештің екі басты геройының бірі жоқта екіншісінің, екіншісі жоқта біріншісінің сөзін сөйлегенсіп, әбден әуреге түседі. Спектакльде осы бір тосын тұрмыстық коллизияны актер Дулыға Ақмолда шырайын шығарып, керемет бейнелеп береді. Дегенмен «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, Тойболдының бұл екіжүзді ойыны Айдарға да, Сұлтанбек Ертуғанұлына да көп ұзамай әшкере болып қалады. Сөйтіп аға оқытушы байғұс осы кеште аяқастынан тұтанған конфликтінің ең басты құрбанына айналады.


Иә, бұл кеште бұдан басқа да адамзат тіршілігінің талай құпиясы ашылады. Сөйтсек сырт көзге төрт құбыласы түгел, әдемі, жайсаң жұп болып көрінетін Айдар Сейітқалиұлы мен оның зайыбы Ұлжалғастың (актриса Нұржан Бексұлтанова) аралары да шын мәнінде ит пен мысықтай болып шығады. Соның бұлтартпас дәлеліндей спектакльдің финалында Ұлжалғас удай мас болып, ресторанда ұйықтап қалған күйеуін жалғыз тастап, көңілдес жігітінің ыстық құшағымен табысу үшін түн жарымында түнгі клубқа тартады.


Спектакльді көрген күннің ертеңіне мен әдейі салыстыру үшін «Империядағы» кештің» қағазға басылған түпнұсқа мәтінімен де танысып шықтым. Иә, бәрі дәл сол спектакльдегідей; сол көріністер, кейіпкерлер айтатын сол сөздер, адамдар арасында болатын сол тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық қайшылықтар, күнделікті өмірдегі коллизиялар. Шынында да, кітап бетімен санағанда қырық екі беттен тұратын драмаға адамдардың арасындағы пенделік бәсекеге, мақтангершілікке, қайшылыққа толы біздің қазіргі жаңа заманымыздың талай шындығы сыйып кеткен екен және бір байқағаным, аталған әдеби туындыны оқып отырғанда ешқандай бір авторлық позиция байқалмайды. Бейне бір пьесада суреттелетін өмір көріністерін біреу қолына қалам алып жазып шықпағандай, бейне бір ондағы оқиғалар ешкімнің қатысуынан тыс өмірдің өзіндегідей объективті түрде жүріп жатқандай. Меніңше, жазушы, драматург С.Асылбекұлы шығармаларының осы бір сипаты аталған автор талантының ең басты даусыз дәлелі, айқын көрсеткіші болса керек.


Талдап, толғап жазатын драматург С.Асылбекұлының қаламынан осы кезге дейін «Рәбиғаның махаббаты», «Желтоқсан желі», «Күзгі романс», «Империядағы» кеш», «Қазақша ашылып сайрау» деп аталатын бес айтулы драма¬лық шығарма, яғни пьеса дүниеге келіпті. Олардың ең соңғысынан басқасы Қазақ және Қырғыз ұлттық академиялық театрларының, сондай-ақ кейбір облыстық драма театрларының сахналарында табыспен қойылып жүр. Соның дәлелі ретінде айта кетейік, оның «Желтоқсан желі» пьесасы бойынша қойылған спектакліне (режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахманов) 1998 жылы Тараз қаласында өткен VI республикалық театр фестивалінде осы заман шындығын шынайы бейнелегені үшін бас жүлде берілсе, «Күзгі романс» атты драмасы 2005 жылы Қазақстан ұлттық кітапханасы мен «Самсунг электроникс» корпорациясы бірігіп өткізген республикалық әдеби конкурстың Гран-приін иеленді. Сонымен қатар біз жоғарыда талдап, таразылаған «Империядағы» кеш» қойылымы Ақтөбеде өткен XXI республикалық театр фестивалінің бас жүлдегері болса, аталған автордың «Қазақша ашылып сайрау» атты пьесасы 2017 жылы «Рух» халықаралық әдеби конкурсында «Үздік драмалық шығарма» аталымы бойынша бас жүлдегер атанды.

 

Әлқисса, сөздің соңына қарай С.Асылбекұлының прозалық шығармаларына да азғантай болса да тоқтала кетпесек, бұл ақиқатқа жасалған үлкен қиянат болар еді. Себебі біз бұл авторды әу баста болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды прозашы ретінде таныған болатынбыз. Оның «Оттан да ыстық өмір» (кейін бұл шығарманың атауы «Қалқаш» деп өзгертіліпті), «Жезкиік» деп аталатын повестері 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдардың басында «Жалын» баспасы мен осы аттас әдеби альманахтың жасөспірімдер өмірін бейнелейтін үздік әдеби шығармаларға арналған республикалық конкурсында қатарынан екі мәрте бәйге алып, әдеби қауымды бір елең еткізгені әлі есімізде. Содан бері бұл жазушының қаламынан отыздан астам әңгіме мен сегіз повесть дүниеге келіпті. Олардың арасында жаңағыдай республикалық қана емес, халықаралық конкурста жүлде алғаны да бар. Мысалы, Серіктің ең таңдаулы прозалық шығағмаларының бірі саналатын «Бөтеннің тойы» әңгімесі 2016 жылдың 25-28 қарашасы аралығында өткен әлемнің 43 елінен 1400 шығарма келіп түскен Open Eurazian literature festival book forum - 2016 халықаралық әдебиет фестивалінде «Көркем шығарма» аталымы бойынша лауреат атанды. Бұл байқауды Еуразиялық шығармашылық одақ (Лондон) пен британдық Hertfordshire Press баспа орталығы ұйымдастырған болатын.


С.Асылбекұлының прозалық шығармаларында қазіргі қазақ қоғамында орын алып отырған талай әлеуметтік, психологиялық қайшылықтар, үлкен ауқымды адамгершілік мәселелері қозғалады. Жалпы, өткенге көз жүгіртсек, адамзат тарихында бүгінге дейін ешқандай бас қатырар проблемасыз бірде-бір қоғам болмаған екен. Сондай қоғамдардың бірі қазіргі қазақ қоғамында да, құдайға шүкір, түйіні тарқатылмаған талай мәселелердің бар екендігіне, сірә, ешкім күмән келтіре қоймас.


Социумның осындай жан жаралары, ал көркем әдебиет дегеніміздің өзі адамның, қоғамның жан жарасын көрсетпей ме, біз сөз етіп отырған суреткердің назарынан тыс қалмапты. Мәселен, ол өзінің сонау 1987 жылы жазылған атақты «Рәбиғаның махаббаты» повесінде жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасын қазақ қаламгерлерінің арасынан алғашқылардың бірі болып көтерсе, «Шер тарқату» әңгімесі мен «Ақ қарға» (алғашқы атауы - «Алтыбақан») повесінде постиндустриалдық қоғам адамдарының басындағы жалғыздықты көркемөнердің заңдылықтары, ерекшеліктері тұрғысынан интерпретациялайды. Сөйтіп оқырмандардың назарын қазіргі заман үшін өте өзекті болып тұрған әлгіндей мәселелерге аударады және мұндай рухани күйзелістердің қандай әлеуметтік, саяси, психологиялық себептерден туындап жатқанын өз шығармаларындағы қаһармандардың тағдырлары арқылы астарлап жеткізеді.


Тағы бір айтпай кетуге болмайтын жайт, Серік - біздің ұлттық әдебиетімізде қазақ жастары образдарының үлкен көркем галереясын жасаған санаулы суреткерлеріміздің бірі. Олардың арасында қарапайым мектеп оқушысынан бастап, жас жұмысшылар мен малшыларға, абитуриенттер мен студенттерге, аспиранттарға дейінгі бүгінгі жас қауымның сан алуан әлеуметтік топтарының көркем бейнелері бар. Осы аталған шығармалардың табиғатын тап басып, танып талдаған белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібаева бұл хақында былай дейді: «Серік Асылбекұлы - қазақ халқының әңгі-мешілдік дәстүрін әлем әдебиетінің классикалық үрдістерімен ұштастыра білген шебер жазушы. Оның көпшілік туындылары жас адамның албырт бір кезеңдеріндегі айлы түндегі, бейуақыт ымырттағы алғашқы махаббат аңсарына, сезімтал жүрегінің алып-ұшып бір тынбай салған әніне бөгіп тұрады. Серік¬тің «Мектеп бітіру кеші», «Үлкен қаладағы кішкентай оқиға», «Сарықыз», «Қарашадағы үйлену тойы», «Түнгі қаланың әні», «Эх, Россия!..», т.б. әңгімелерінде бозбала жігіт пен бойжеткен қыздардың асық көңілдері мен аяулы сезімдері тұнып тұр». Менің жазушы әңгімелерінің ерекшелігін дәл бейнелеген осы пікірге көп алып-қосарым жоқ.


Енді жоғарыда айтылған жайларды түйіндей келе, сөз соңын жазушы С.Асылбекұлының мына бір ойымен қорытындыласам деймін. Ол өзінің бастауларын сонау ерте замандардағы мифтерден, ертегілерден, аңыздардан, ауызекі әңгімелерден, бір сөзбен айтқанда, халық прозасынан алатын қазақ повесінің жүз жылдан астам даму тарихын егжей-тегжейлі зерттеген ғылыми еңбегінде: «Суреткердің бір бойында туабітті дарынмен қоса жазушылық шеберлік, елін шын сүйген азаматқа тән үлкен жүрек тоғысқанда ғана, сөз жоқ, ол халық жүрегінен берік орын алған үлкен тұлғаға айналмақ. Мұндай суреткерлер - бүкіл қоғамның, ұлттың, қала берді адамзаттың ырысы, игілігі, өйткені олар өздерінің өлмес шығармалары арқылы қоғам-ның, ұлттың өздерін өздеріне танытады. Ендеше олардың абзал есімдерін, баға жетпес құнды туындыларын ұлт, қала берді адамзат игілігі үшін кір шалдырмай сақтауымыз ләзім. «Қызыл кітапқа» енген, жойылып бара жатқан сирек өсімдіктер мен жан-жануарларды қамқорлығымызға алғанымыз секілді оларды да қорғауымыз қажет. Өйткені өсімдіктер мен жан-жануарлардың түрлері жойылған сайын табиғат балансы, ал суреткерлер мен олардың шығармалары азайған сайын адамзат қоғамының имани-адамгершілік ахуалы бұзылады», дейді.


Көркем әдебиеттің адамзат өмірінен алатын орны мен атқаратын қасиетті қызметін бұдан артық дәл анықтап беру қиындау соғуы мүмкін.

 


Авторы: Бақтияр Сманов,
ҰҒА академигі

21.09.2021 ж.
Ақпарат көзі:
egemen.kz