Main
News
16.06.2021 Абай университеті: жетістіктер, басымдықтар мен даму болашағы
2021 жылы 15 маусымда Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректоры Дархан Біләлов онлайн-брифинг өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдарының назарына еліміздегі жетекші педагогикалық университетінің негізгі жетістіктері, оны дамытудың нәтижелері мен жоспарлары ұсынылды.
Ректор өз баяндамасында жоғары оқу орнының оқу-білім беру, ғылыми-инновациялық, қаржы-шаруашылық және әлеуметтік-тәрбиелік қызметтерін егжей-тегжейлі талдап, университеттің жаңа оқу жылына және болашағына арналған стратегиялық міндеттері мен даму бағыттарын, жетістіктерін атап өтті.
«Абай атындағы ҚазҰПУ - білім, ғылым және мәдениеттің ірі орталығы, жетекші жоғары оқу орындарының бірі және Қазақстандағы педагогикалық білімнің көшбасшысы. Бүгінде университет білім беру қызметін 6 бағыт бойынша жүзеге асырады. 225 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. 84 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті, оның 67-і педагогикалық бейінде.
Біздің басты және бәсекеге қабілетті артықшылығымыз - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың кадрлық әлеуеті. Бұл - 1077 оқытушы, оның ішінде 136 ғылым докторы және 368 ғылым кандидаты мен PhD докторы, 337 магистр. Педагогикалық құрамның ғылыми деңгейі 55% құрайды, 147 оқытушы - ағылшын тілін меңгерген. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы Бас рейтингінің ТОП-50 үздіктер қатарына Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 6 профессоры кіреді», - деді Дархан Біләлов.
«Соңғы 3 жыл ішінде университеттің стратегиялық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі - білім берудің барлық деңгейлері бойынша білім алушылар контингентінің айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді. 2018 жылмен салыстырғанда студенттер саны екі есеге жуық өсті. 2018-2020 жылдар аралығында бірінші курсқа 859 «Алтын белгі» иегері, 749 үздік аттестаты бар мектеп түлегі, 142 үздік дипломы бар колледж түлектері қабылданды.
Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында 2 курстан бастап дуальды оқыту элементтерімен үздіксіз педагогикалық практика енгізілді. Еңбек нарығындағы түлектерге деген сұраныс және жұмыс берушілердің жас мамандарды кәсіптік даярлау сапасына қанағаттануы да жоғары деңгейде. Жұмыс берушілермен байланысты қамтамасыз ету мақсатында «Mansap» мобильді қосымшасы (4000-нан астам қолданушы), «BAGDAR» онлайн-платформасы (1726 бос жұмыс орны, 973 ұйым) әзірленді, бұл университет түлектерін жұмысқа орналастыруды айтарлықтай жеңілдетеді.
Ректор рейтингтегі позицияларды да атап өтті. QS World University Ranking рейтингінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемдегі ең үздік педагогикалық университеттердің ТОП-5-іне кіреді. QS World University Ranking-2022 нәтижелері бойынша университет өзінің позицияларын жақсартып, 551-560 орынды иеленді. Бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 50 позицияға жоғарылап, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында 5-ші орынға ие болды. Алғаш рет QS World University by subject-2021 пәндік рейтингісіне қатысып, екі пән (білім беру, ағылшын тілі және әдебиет) бойынша 201-250 орынды иеленді.Ұсынылатын білім беру қызметтерінің тиімділігі мен сапасы республиканың педагогикалық жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық рейтингтердегі көшбасшылық ұстанымдармен расталады.
Есеп беру барысында профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің жетістіктері мен марапаттары айтылды. Оқытушылар өздерінің біліктіліктерін әр түрлі пәндер бойынша жүйелі курстарда, қысқы және жазғы мектептерде, университетте ұйымдастырылған практика және ағылшын курстарында жетілдіреді. Республиканың білім беру ұйымдарының ғылыми, ғылыми-әдістемелік және шығармашылық әлеуетін үйлестіретін, қолдайтын және дамытатын салалық білім беру және педагогикалық ғылымдар саласындағы білім беру және ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар атап өтілді.
Абай атындағы ҚазҰПУ «ҚР педагогикалық университеттері арасында соңғы 5 жылда Web of Science Соге Collection -да жарияланым белсенділігі бойынша көшбасшы» деп танылды. Университет сыртқы байланыстарды кеңейтуді белсенді түрде жалғастыруда. 11 халықаралық ERASMUS+ MKM, 2 DAAD және 4 MEVLANA бағдарламаларына қатысады. Абай Университеті ҚР жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып ISO 3700: 2016 халықаралық стандартының сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін енгізу туралы Сертификатына ие болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тәрбие қызметінде «Рухани жағыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда, студенттердің өзін-өзі басқаруын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту және студенттердің шығармашылық әлеуеті, оларды әлеуметтік қолдау үшін тұрақты жұмыс жүргізілуде. Студенттік ректорат, «SmartStudents» коворкинг-орталығы, «Саналы ұрпақ» клубы, «ЖасStar» музыкалық студиясы, О.Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы, 40 студенттік клубтар мен үйірмелер, спорттық секциялар жұмыс жасайды.
Әлеуметтік жұмыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттерді қолдау мәселелеріне баса назар аударылады. 2020/2021 оқу жылында оқу ақысына берілген жеңілдіктердің жалпы сомасы 270,5 млн.теңгені құрады.
Одан әрі дамудың басымдықтары мен күтілетін нәтижелер туралы айта келе, ректор нақты мақсаттарды атап өтті.
«Біз Абай университетін қала мен жалпы елдегі білім берудің нақты мәселелерін шешуге бағытталған университет ретінде көреміз (педагогикалық білім беруді жаңғырту, педагогтарды даярлау сапасы мен олардың мәртебесін арттыру, инновациялық білім беру тәжірибелерін енгізу және тарату, білім беру жүйесін білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету). Ол үшін біздің жоғары оқу орнымыз зияткерлік мектептермен, басқа да білім беру ұйымдарымен белсенді өзара жұмыс жасайды», - деді Дархан Біләлов.
Әлемдік деңгейдегі университетті дамытуға бағытталған жұмыстар атап өтілді: кадр саясаты бойынша, профессор-оқытушылар құрамын икемді санаттау, профессор-оқытушылар құрамның қызметін бағалаудың тиімді және ашық жүйесі, университетке «Алтын белгі», үздік аттестаттар мен дипломдардың иегерлерін тарту; Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын студенттер мен түлектер үшін адамгершілік моделі ретінде қолдану, ғылыми зерттеулерді кеңейту. Ректордың айтуынша, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар жасалады. Академиялық бағдарламалардың басымдықтарына қатысты магистратура мен докторантура бағдарламаларын кеңейту, білім беру менежментін нығайту, PGCE, EdD және басқа да бағдарламаларды дамыту қажет.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері цифрландыру, оқытушылар құрамы мен студенттерге вакцинация, инфрақұрылымды дамыту, университет жұмысындағы жаңа өзгерістер, халықаралық ынтымақтастық туралы сұрақтар қойды, оған нақты жауаптар берілді.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім |