Main
News
04.06.2021 К.Нәрібаевты еске алу жиыны «Ұлы дала перзенті»
2021 жылғы 3 маусымда Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Ұлы дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы дала перзенті» тақырыбына ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаевты еске алу жиыны өтті. Жиынға ҚР ҰҒА академиктері М.Жұрынов, М.Қойгелдиев, Х. Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбеков, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Д.Мәсімхан, К.Нәрібаевтың інісі, саяси ғылымдарының докторы Б. Нәрібаев, ұлы М. Нәрібаев пен келіні, немересі қатысты.
Еске алу жиынын ашып, соңына дейін жүргізген университеттің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры м.а. Ақтолқын Құлсариева ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаевтың өмір жолына, есею кезеңдеріне тоқталып өтті. Еске алу жиынына қатысушылар К.Нәрібаев туралы өздерінің жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов өзінің Көпжасар Нәрібаевпен қашан және қалай танысқанын, лауазымды қызметтерде жүргенде ақыл-кеңесімен көмегін тигізгенін, осы сыйластық өмірінің соңына дейін үзілмегенін еске алды. ҚР ҰҒА академигі М.Қойгелдиев пен профессор Т.Омарбеков К.Нәрібаевтың әл-Фараби атындағы ҚазМУ ректоры кезеңіндегі қызметі жаңалыққа толы екенін жарқын естеліктерімен жеткізсе, филология ғылымдарының докторы Д.Мәсімхан алыс-жақын шетелдегі қандастардың елге оралуына К.Нәрібаевтың қосқан үлесін, оларға қамқорлығын көптеген мысалдармен ашты. Өзінің туған жерге оралуына Көпжасар ағаның тікелей араласқанын үлкен ризашылықпен айтып берді. Інісі Б.Нәрібаев әрі әкесі, әрі ағасы, әрі қамқоршысы болған Ұлы тұлға туралы естелігі де өте әсерлі болды. ҚР ҰҒА академигі Х.Әбжанов К.Нәрібаевтың ғылым мен білімді ұштастырудағы бастамашылдығына тоқталды.
Еске алу жиынының ІІ бөлімінде К.Нәрібаевтың бастамасымен әзірленген «Ұлы дала тұлғалары» дестесі қалай дүниеге келгенін орталық жетекшісі Г.Нұрымбетова баяндады. Үлкен жоба аясында университеттің «Ұлағат» баспасынан жарық көрген «Қазақ хандары» (авторы Т.Омарбеков), «Қазақ батырлары» (Х.Әбжанов, Г.Нұрымбетова), «Алаш арыстары» (С.Смағұлова) кітаптарының тұсауы кесілді.
Ұйымдастырушылар - «Ұлы дала тұлғалары» орталығы
|