Main
News
30.10.2020 Тарихи тұлғалар туралы кітаптардың тұсаукесері
2020 жылдың 28 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Ұлы дала тұлғалары» орталығы «Елімнің есіл ерлері» тақырыбы аясында «Көне түркі тұлғалары мен арғы қазақтар» (Омарбеков Т.), «Қазақтың би-шешендері» (Тебегенов Т.С.), «Қазақ ойшылдары» (Смағұлов С.О.), «Қоғам және мемлекет қайраткерлері» (Әбжанов Х.М., Нұрымбетова Г.Р.) (Алматы: Ұлағат, 2020) атты 4 ғылыми-танымдық кітаптардың, «Ұлы дала тұлғалары» анықтамалығының тұсаукесерін өткізді.
Тұсаукесерге М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі - Кенжехан Матыжанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы - Қали Сәрсенбай, «Арыс» қорының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Әнес Ғарифолла, жаузшы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазинов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қалыш қатысты.
Тұсаукесерді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» басқарма төрағасы-ректор м.а. Такир Балықбаев ресми түрде ашты. Шара «Ұлы дала тұлғалары» жоба идеясының авторы және ғылыми жетекшісі, ҰҒА академигі К.Н. Нәрібаевты еске алумен басталды. Осыған орай, К.Н. Нәрібаевтың атқарған қызметі туралы «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесінің жетекшісі Борасын Иманбердиев «Қазақтың ірі тұлғасы» тақырыбында баяндама жасады.
Орталықтың алдағы уақытта шығаратын кітаптары туралы сөз - «Ұлы дала тұлғалары» орталығының директоры Гүлшат Нұрымбетова тұлғалардың қоғамдағы орны туралы айта отырып, баспадан шыққан кітап авторларымен таныстырды.
Сондай-ақ, шара барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі - Кенжехан Матыжанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы - Қали Сәрсенбай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры - Талас Омарбеков кітаптар туралы ой-пікірлерін білдірді. Ең бастысы, мұндай кітаптардың болашақ жастар үшін қажеттілігіне баса көңіл бөлінді.
Жарыссөзде «Арыс» қорының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Әнес Ғарифолла, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қалыш Аманжол сөйледі.
Шара барысында кітаптардың тұсауы кесілді. Кітаптардың лентасын белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қиды.
Кітаптарды жариялаудағы мақсат қазақтардың әлеуметтік-саяси өмірінде көрнекті роль атқарған қазақ билері, батырлары мен жырауларының жеке тұлғасының құндылығы мен маңызын жас ұрпаққа көрсету. Осындай ұлы тұлғалар болмысымен Ұлы даланың тарихы да қызықты болғанын осы кітаптар дәлелдейді.
Кітаптар көпшілік оқырмандарға, әсіресе, студенттер қауымына, жастарға, мектеп оқушыларына арналғандықтан, олардың жас ерекшелігі, талабы, психологиясы ескеріліп, түсінікті тілмен жазылған.
|