қазақша · русский · english
   
  Main  News
07.10.2020

Жемқорлықсыз университет

халықаралық сертификатына ие болды


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Такир Оспанұлы Балықбаев ректор болып келген күннен бастап оқу орнында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Ректордың басты мақсаты болашақта «жемқорлық» деген терминді тілдік қорымыздан мүлде шығарып, оны келешек ұрпақтың білмей өсуіне және жемқорлықсыз қоғам құруға қол жеткізу болатын. Сондықтан ол университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге арнап сыбайлас жемқорлық туралы заң мен заңнамалық құжаттарды түсіндіру, жалпы, жемқорлықтың жеке адам абыройы мен ар-намысына, адамзат қоғамына зияндылығы, адамгершілік, парасаттылық қасиеттерінің моральдық артықшылықтары туралы көптеген әңгімелер мен лекциялар ұйымдастырды.


Университетте «Парасат» орталығының ашылуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін одан әрі жандандыра түсуге ықпал етуде. Аз ғана уақыттың ішінде орталықтың директоры Қамбар Усиповтың бастауымен бұл салада көптеген жұмыстар атқарылды.


«ИСО енгізу агенттігі» консалтингтік компаниясының «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі» бағдарламасы бойынша ISO 37001:2016 халықаралық стандарты талаптарына сәйкес мамандар даярлау курсынан өткен университеттің елушақты оқытушысы мен қызметкерлері арнайы сертификаттар алып шығып, бүгінде оқу орында жемқорлықсыз алаң құруға өз үлестерін қосуда. «Парасат» орталығы өзі өмірге келген алғашқы кезден бастап ИСО-37001-2016 халықаралық стандарттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджментінің жүйесін даярлау және енгізу жұмысына құлшына кіріскен еді. Орталықтың бастамасымен университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» саясаты әзірленіп, бекітілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стандарттары, мүдделер қақтығысы және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын сақтау туралы декларация және басқа да құжаттар қабылданды.


Аталған құжаттар негізінде университеттің профессор-оқытушылар құрамы және барлық қызметкерлері «Мүдделер қақтығысы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты сақтау туралы Декларацияға», «Еңбек шартына Қосымша келісімге» және «Лауазымдық нұсқаулықтарға», барлық білім алушылар білім беру қызметін көрсету шартына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпеге қол қойды. Осы қол қойылған құжаттарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің (қауіптерінің) алдын алу мақсатында барлық қызметкерлердің және жұмыс берушінің жауапкершілігі, міндеттері мен құқықтары айқындалған.


«Евросерт» халықаралық компаниясы (Белград) атқарылған жұмыстың қорытындысын қарай келе сертификациялық аудит жүргізіп, оның нәтижесі бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі МС ИСО 37001-2016 стандартының талаптарына сәйкестігі туралы сертификат беру жөнінде шешім қабылдаған еді.


Жақында оқу орнына «Евросерт» халықаралық компаниясының сертификатын тапсыру салтанаты өтті. Оған EVROSERT-тің сарапшы аудиторы Владимир Иванович Соловьев, «ИСО-ны енгізу агенттігі» ЖШС-ның бас консультанты Анатолий Владимирович Бандуро қатысты. Салтанатты ашқан университет ректоры Такир Балықбаев оқу орнында жүргізіліп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларына тоқталды. EVROSERT-тің сарапшы аудиторы Владимир Иванович Соловьев өз сөзінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жоғары деңгейде өткізіп, осы мәселе бойынша халықаралық аудиттен табысты өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі МС ИСО 37001-2016 стандартының талаптарына сәйкестігі туралы бүкіл Қазақстан ЖОО-лары арасында бірінші болып сертификат алып отырғанын атап өтті. Ол университет ректорына халықаралық сертификатты тапсырды.

 

   

 

   

 

   

 

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім