қазақша · русский · english
   
  Main  News
18.08.2020

Цифрлық сауаттылығыңыз қандай?

 

   

 

Бүгінгі таңда әлемді жайлаған індет барша қауымды әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Ел экономикасының құлдырып, жұмыссыздықтың ұлғаюы, әрбір саладағы күрмеуі шешілмеген келелі мәселелер менмұндалап тұрғандай. Осындай саланың бірі - білім беру саласы. Ұстаздың мәртебесін қалай көтереміз деп сан алуан реформаларды енгізіп, сынақтан өткізіп, сараптап жатқанда пандемия әсерінен туындаған мәселе - карантин жағдайында оқушылар мен студенттерді қалай қашықтан оқытып, сапалы білім беруге тірелді.

 

Дәстүрлі оқыту процесінде оқушылар мен студенттерді сапалы білім алуға баули алмай жүрген ұстаздар қауымы мен ата-аналар қашықтан оқыту жағдайында мұны қалай жүзеге асырмақ? Қашықтан оқыту жағдайында туындаған мәселер өте көп. Бұған біріншіден, қашықтан оқытуды материалдық-техникалық тұрғыдан сүйемелдеу қажет болса, екіншіден, сын сағатында сарапқа түскен мәселе - ұстаздар қауымының сол техникалар мен технологияларды меңгеруі, дәлірек айтқанда, цифрлық сауаттылығының деңгейі.

 

Бұл жөнінде мемлекеттік деңгейде қолға алынып, жүргізіліп жатқан шаралар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Бірақ оның нәтижесі қандай деген сұраққа жауап алудың сәті енді түскендей. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бері қарай, күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті, мемлекеттік деңгейде қабылданған нормативті құжаттар мен мемлекеттік бағдарламаларға арқау болған мәселе - «компьютерлік сауаттылық», «компьютерлік білімділік», «ақпараттық мәдениет», «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құзыреттілігі» деген атаулармен көрініс тапқан «цифрлық сауаттылық».

 

2015 жылы Қазақстан Республикасында қабылданған «Ақпараттандыру» туралы Заңда «Цифрлық сауаттылық - бұл адамның күнделікті және кәсіби іс-әрекетінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануына қажетті білім мен іскерлігі» деп аталып көрсетілген. Одан кейін 2017 жылы елімізде қабылданған «Цифрлық Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарламада цифрлық сауаттылықтың кезең-кезеңмен жүзеге асырылатыны жазылған, мысалы, 2020 жылы тұрғылықты халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру көрсеткіші 80% болатындығы айтылған. Бұл - мемлекет тарапынан белгіленген меже.

 

Әлемдік деңгейде пандемия жарияланған кезде барлық жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттері мәжбүрлі түрде қашықтан оқуға көшті. Ең алдыңғы кезекте қиындыққа тап болған орта мектеп оқушыларының ата-аналары болса (көпшілігінде қашықтан оқытуды жүзеге асыратын техниканың жетіспеушілігі және т.б.), екінші жағынан, қашықтан оқыту процесін жүзеге асыратын ұстаздар цифрлық сауаттылығының төмендігінен әбден әбігерге түскені белгілі.

 

Дәл осындай қиын-қыстау сәтте тығырықтан шығар жолды іздеген, озық ойлы, көреген басшы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Т.Балықбаев білім беруді цифрлық жүйеге көшірудің қыры мен сырын меңгеруге өзінің бірқатар оқытушыларын арнайы даярлықтан өткізді. Дайындықтан өткен білімге, білуге және үйретуге құштар ұстаздар жазғы демалыс кезеңіне қарамастан, университет шеңберінде «Цифрлы педагог» атты жазғы онлайн мектебін ұйымдастырып, оқу орнының бүкіл ұстаздар қауымын лек-легімен даярлауға кірісіп кетті. Педагогикалық шеберлігі шыңдалған ұстаздар қашықтан оқыту жағдайында білім берудің арнайы модельдерін әзірлеп, қазіргі цифрлық технологиялар мен интернет ресурстарын тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға қажетті білім мен іскерліктерді бір кісідей үйретуде.

 

Бағдарламаның мазмұнында қашықтан оқыту жағдайында педагог пен студенттер арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыратын виртуалдық орталардың жұмысы, педагогтің кәсіби оқыту іс-әрекетін жүзеге асыратын, атап айтқанда, онлайн интерактивті оқу курстарын жасау, онлайн білімді бақылау мен бағалау құралдары, виртуалдық лабораториялар, онлайн оқытуды сүйемелдейтін басқа да құралдардың жұмысын үйрету қамтылған.

 

Цифрлық экономиканы көздейтін қоғамда өмір сүретін тұлғаларды кәсіби тұрғыдан даярлайтын ұстаздарға қажетті білім, іскерлік, дағдылар мен құзыреттіліктер жазғы онлайн мектебі бағдарламасының негізіне алынған. Болашақта өндірістік процестің өзіндік аяқталғандығымен, бірегейлігімен, кешенділігімен, ықшамдылығымен және дербестілігімен сипатталып жобалық формаға айналатындығын, сонымен қатар, мұндай экономиканың негізгі құраушысы жеке-дара білікті маман ғана емес, жобалық немесе басқару сипатындағы міндеттерді тиімді шешуге қабілетті «команда» екенін ескере отырып, бағдарлама авторлары жобалық іс-әрекетті негізге алды. Осыған орай, жазғы онлайн мектебіне қатысушылар өздерінің шығармашылық әлеуетін көрсете отырып, сан-алуан түрлі тақырыптарды қамтитын жобалар ұсынды. Атап айтқанда, университеттің профессор - оқытушылар қауымы ақпараттық қоғамдағы педагогтің болмысын сипаттайтын «Киберпедагог», «Цифрлық оқыту жағдайында студенттерді психологиялық тұрғыдан бейімдеу», «Цифрлық ғасырдың онлайн олимпиадасы», «Студенттерге арналған ғылыми-зерттеу клубтары» және т.б. өзекті тақырыптарды қамтитын тың жобаларды дүниеге әкелді (жалпы саны 39 жоба). Онлайн жазғы мектеп курсының қысқа мерзімділігіне қарамастан, бағдарламада қашықтан оқыту жағдайында біртұтас педагогикалық процесті сапалы жүргізуге бағытталған инновациялық технологиялар, әдістер мен тәсілдер қамтылған.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі Жоғары оқу орындарының қара шаңырағы, педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы ретінде ұстаздар қауымының цифрлық сауаттылығын қалыптастырып әрі жетілдіруді елімізде алғашқылардың бірі болып қолға алды. Сонымен бірге, біздің университет ұстаздардың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру тәжірибесін еліміздегі басқа оқу орындарымен бөлісуге әзір (курс туралы толық ақпарат университет сайтында орналасқан).

 

«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», - деп ұлы ойшыл Абай атамыз айтқанындай, цифрлық сауаттылығын шыңдаған ұстаздарымызға әрдайым ізденімпаз әрі жасампаз шәкірт кез болсын дей отырып, жаңа оқу жылында сәттілік тілейміз.

 

 

18.08.2020 ж.
Ақпарат көзі: turkystan.kz