қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
20.07.2020

Педагогтың цифрлық сауаттылығын арттыру - бүгінгі күннің өзекті мәселесі

 



- Білім беруді мейлінше ыңғайлы ету, оқушылар мен студенттерді қашықтан оқыту әдістемесін дайындау, еліміздің оқу орындарын нақты цифрландыруды аяқтау, сонымен қатар, жаңа талаптарды есепке ала отырып, педагогтардың дайындығын жүзеге асыру керек, - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, 11 мамыр, 2020 жыл. Sputniknews.kz. Елімізде COVID-19 індетінің таралуына байланысты білім беру жүйесінің барлық салалары, атап айтқанда, жалпы білім беретін орта мектеп, колледж және жоғары оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Әрине, бұл пандемиядан талай бұрын оқытудың цифрлық құралдарының тиімділігі, оның білім алушының дербес траекториясын қалыптастырудағы рөлі туралы ізденістер де, қолданыстағы озық тәжірибелер де болмады емес болды.

 

Бірақ бір мезетте дерлік бүкіл ғаламшардағы білім алушылардың бірдей цифрлық оқу платформаларына тәуелді болып қалуын ешкім күтпеген болатын. Сол себепті де педагогтар қауымының біразының цифрлық сауаттылығы, қашықтан оқыту процесін жүргізуге құзіреттілік деңгейінің жеткіліксіздігі анық байқалды. Оқытушылар вебинарлар мен бейнеконференцияларға қатысу немесе осындай іс-шараларды өткізуде қашықтықтан байланыс жасауды жүзеге асыруда бірқатар қиналды. Білім беру жүйесі өзін есеңгіреткен оқыс жағдайдан бойын тез түзеуге тырысып бақты. Дегенмен, жағдай «ұшып бара жатқан ұшақты ұшу үстінде жөндегенмен» бірдей болды десек асыра бейнелеу болып табылмас. Сондықтан тез арада оқу процесінде цифрлық платформалар мен онлайн-сервистерді оңтайлы қолдану үшін профессор-оқытушылардың цифрлық сауаттылығы мен құзыреттілігін дамыту, IT технологиялар туралы біліктілігін арттыру қажеттілігі туындады.

 

Ресей Федерациясының Қаржыны зерттеу Ұлттық агенттігі орталығының жүргізген зерттеуі негізінде, педагогтың цифрлық сауаттылығы келесідей құрамдас бөліктерден: ақпараттық, компьютерлік, коммуникативтік сауаттылық, медиасауаттылық және технологияларға деген қарым-қатынастан тұратыны аталып көрсетілген. Атап айтқанда, педагогтың ақпараттық сауаттылығы адам өміріне ақпараттың әсер ету дәрежесі мен рөлін түсіне білуден, әртүрлі ресурстардан ақпаратты іздеу және таба білу дағдысынан тұратындығы анықталған. Педагогтың компьютерлік сауаттылығы компьютердің техникалық құрылымын, оның жұмыс істеу принципін түсіне білуден, платформа немесе интерфейске тәуелсіз цифрлық құрылғыларды қолдануға жылдам бейімделуден көрініс табады.

 

Педагогтың медиа сауаттылығын оның ақпаратты және оны тарату формалары мен арналарының көптүрлілігін түсіне білуден, әртүрлі ақпарат көздерінен жаңалықтарды іздей білу мүмкіншілігінен және олардың толықтылығы мен нақтылығын тексеру дағдысынан, ақпараттық хабарламалар мен жаңалықтарға сыни тұрғыдан қарай білуінен анықтауға болады. Ал педагогтың коммуникативті сауаттылығы дегеніміз қалыпты жағдайдағы қарым-қатынастан цифрлық коммуникацияның айырмашылығын түсінуі, қазіргі коммуникация құралдарын (әлеуметтік желілер, мессенджерлер) қолдану білігі мен дағдысы, цифрлық ортада қарым-қатынас жасай білу этикасы мен нормаларын саналы түсінуі. Сондай-ақ, педагогтың технологиялық инновацияларға қарым қатынасы оның технологиялық трендтерді түсінуі, қазіргі технологиялармен (гаджеттер, қосымшалар) жұмыс жасауға дайындығы, технологиялық инновацияның қоғам дамуы мен өзін дамытудағы пайдасын түсінуі ретінде анықталады.

 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқытушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін жүйелі жұмыс карантиннің бірінші күндерінен басталып кетті деуге болады. Егде жастағы оқытушы профессорлардың заманауи технологияларды игеруін жеңілдету үшін университет алдыңғылардың бірі болып Цифрлық еріктілер жобасын жүзеге асырған болатын. Жоба барысында технологияларды жетік меңгерген оқытушылар, магистранттар мен докторанттар цифрлық құралдарды тиімді пайдалану жолын түрлі форматта вебинар түрінде де, видеосабақтар, видеонұсқаулықтар даярлау арқылы да көпшілікке насихаттады. Сондай-ақ, университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев білім беру саласын цифрландыру аясында озық тәжірибесі бар алыс-жақын шетелдік әдіскер ғалымдардың авторлық курстарын ұйымдастыру арқылы да университеттің профессор-оқытушы құрамының біліктілігін арттыруға қаражат тапты.

 

Нәтижесінде, үстіміздегі жылдың 23-29 маусым аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ тек қана өз қызметкерлеріне ғана емес, сонымен қатар еліміздің бірқатар оқу орнының қызметкерлеріне де «Білім беруді цифрлық трансформациялау» деген өзекті тақырыпта Жазғы мектеп ұйымдастырды. Оған, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, С.Торайғыров атындағы ПМУ, ҚазҰлтҚызПУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Шәкәрім атындағы СМУ, ТарМПУ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары қатысты. «Білім беруді цифрлық трансформациялау» деген атына заты сай Жазғы мектеп толықтай дерлік желі кеңістігінде онлайн форматында онлайн құрылғылармен өткізілгендігіне қарамастан барлық 59 қатысушы мен 262 тыңдаушы үшін виртуал әлемдегі маңызды да мазмұнды даярлық сабағы болды.

 

Жазғы онлайн мектептің авторы да негізгі спикері де Ресей Федерациясының 2035 университетінің Деректерді дамыту департаментінің директоры, 120-дан астам білім беру ойындарының авторы, диагностикалық әдістемелер әзірлеуші, Экономика жоғары мектебінің оқытушысы Андрей Комиссаров болды. Әдіскердің цифрлық біліктілігінің инновациялығы, жүйелілігі әрі жан-жақтылығы, сонымен қатар, оның жекеменшік мектебінде кең пайдаланыста жүрген инновациялық әдістері мен білім беру кеңістігін оқушылардың танымдық стиліне ыңғайлау озық тәжірибесіне сүйенген дәрістері қатысушылардың қызығушылығын туындатты.

 

«Білім беруді цифрлық трансформациялау» онлайн мектебінің кең ауқымды және қызықты бағдарламасында «Білім берудегі дата-инжиниринг және диагностика», «Диагностика және іріктеу», «Білім беру нәтижелерінің рубрикаторлары және Блум таксономиясы (теориядан практикаға дейін)», «Педагогикалық дизайн негіздері», «Ақылды боттар және білім беру үдерісіндегі цифрлық ізбен жұмыс істеу», «Геймификация және интерактивті өзара әрекеттесуге арналған цифрлық құралдар» тақырыптары қарастырылды. Тренинг барысында көптеген тартымды онлайн платформалар қолданылды. Атап айтсақ, топтық жұмысты ұйымдастыру үшін Miro, Discord, Mindmup, Google docs; видео жүктеу және таратуды ұйымдастыру үшін Youtube; Оқу ортасын ұйымдастыру үшін: Discord сервері және Coreapp.ai; Видеоконференция жүргізу, видеоны жазу және тарату үшін Zoom видеоқызметі; видеоның субтитрын жүктеп алу үшін: Subdown; Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру үшін: ClassDojo; Семантикалық талдау, түйінді сөздерді бөліп көрсету, тыңдаушылардың эмоционалды көңіл-күйін анықтау үшін деректерді талдау құралдары: ALOT, Advego, dandelion.eu; Бақылауды ұйымдастыру мен бағалау үшін: onlinetestpad, Padlet, Kahoot, Mentimeter; қарапайым чат-бот жасау telegram мессенджерін тиімді пайдалану жолдары үйретілді.

 

Тренингтің әртүрлі платформалар мен жүйелерде өтуі оқу құралдарын тиімді меңгеруге және педагогикалық дизайн негіздерін сапалы игеруге жағдай жасады. Сонымен қатар, практикалық жұмыс барысында интерактивті оқытудың әртүрлі құралдары, оқу нәтижелерін цифрлық із негізінде қалыптастыру және бағалау үшін рубрикаторлар құруды үйренуге мән беріліп, тапсырмалар орындалды. Цифрлық із бен профиль дегеніміз не, оның көмегімен қандай ақпараттар жинақталады және оны оқу нәтижелерімен қалай байланыстыруға болатындығы туралы біліктілік қалыптастырылды. Жазғы мектептің пайдалы болуы оның әу бастан қолданбалы нәтижені көздегендігінде еді. Жазғы мектеп аясында топтық жұмыс жасалу барысында практикалық дағдыларды бекіту мақсатында «Қазақстанның жоғары мектебінде цифрлық оқыту», «Бірінші курс студенттерін оқу процесіне бейімдеу», «Өнертабыс бағытындағы есептерді шешу технологиясын қолдану бойынша онлайн курс», «Цифрлық педагог», «Цифрлық білім берудегі еріктілер», «Онлайн курс құру әдістемесі» атты онлайн іс-шаралар түріндегі командалық жобалар даярланды.

 

Әрбір жобаның білім беру нәтижелері және рубрикаторлары, оның толықтылығы мен нақтылығы, қандай аудиторияға арналғандығы, бағдарламасы, онлайн іс-шара барысындағы цифрлық ізді жинақтау және оның қалай анықталатындығы, жобаның бүгінгі күн сұранысына қажеттілігі сынды межелер мен өлшемдер негізінде қарастырылып, көпшілік қатысқан виртуал ортада ашық қорғалып, бағаланды. Қорғау нәтижесінде оқытушылар аз уақыт аралығында Жазғы мектептің қолданбалы нәтижесінен өздерінің кәсіби іс-әрекетіне қажетті біраз ақпаратты меңгергендігін байқады. Пандемия өршуінің нәтижесінде әлеуметтік оқшауланудың жалғасын табуына байланысты алдағы оқу жылының онлайн және қашықтан оқыту форматында жоспарланып отырғаны бүгінгі күннің айғағы.

 

Ендеше Абай атындағы ҚазҰПУ дер кезінде ұйымдастырған Жазғы мектептің қолданбалы нәтижелері болашақта республиканың түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында оқу үдерісін заманауи форматта қашықтықтан тиімді ұйымдастыруға зор мүмкіндік тудырмақ.

 

 

Авторы: Даража Нағашыбайқызы Исабаева,
Тестілеу орталығының директоры, п.ғ.к.,
қауымд., профессор, Алматы қаласы

20.07.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz