қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
27.01.2020

Педагог мәртебесі артады

 

 

Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы 2018 жылғы 5 қаңтардағы Жолдауында: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.

 

Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға тиіс», - деген болатын. Бұл, шын мәнінде, еліміздің мұғалімдер қауымын ғана емес, бүкіл қоғамды толғандырып отырған мәселе еді. Со­нау кеңестік дәуірден басталған мұға­лім беделінің құлдырауы тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы екі он жылдығында одан әрі жалғасқаны белгілі. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин: «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деп, ал Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп аса құрмет тұтқан мұғалім мәртебесінің құлдырап кетуі білім сапасының төмендеуімен қатар тәлім-тәрбиенің де босаңсуына әкеліп соқтырғаны жасырын емес.

 

Ашығын айтсақ, еліміз тәуелсіздігін жаңа алып, тәлтіректеп тұрған қиын кезеңде мектептен басқа жерде жұмыс қалмағандықтан, мектеп бітірген жастардың бәрі педагогикалық жоғары оқу орындарын жағалағаны әлі есімізде. Соның салдарынан мұғалімдік дарыны мен қабілеті жоқ көптеген мамандар мектепке мұғалім болып келді. Мысалы, заңгер, экономист сияқты мамандықтар бойынша әркім-ақ жұмыс істей беруі мүмкін. Ал жақсы мұғалім болу үшін мұғалім болып туылу қажет. Өйткені, педагогқа да ақын, жазушы немесе композитор сияқты туматалант қажет.

 

Мұғалім мәртебесінің төмендеуіне жергілікті атқарушы биліктің мектеп қызметкерлерін басы артық жұмыс­тарға жегуі, мектептегі жүктеменің шектен тыс артуы, жөн-жосықсыз тексерістердің көбеюі, ұстаздардың әлеуметтік жағдайларының төмендеуі де себеп болғаны анық. Басқа фак­торлар да жетіп-артылады.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен бүкіл ұжымы ҚР Парламенті Сена­тында «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдан­ғаны туралы хабарды зор қуанышпен қабыл алды. Еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орын­дарының көшбас­шысы әрі мұғалім кадрларын даяр­лайтын бас оқу орны болғандықтан бұл заңның біздің университетіміздің ұжымы үшін орны айрықша. Өйткені, бұл құжаттың ең алғашқы жобасын Білім министрлігі мен біздің универ­ситетіміздің заңгер-ғалымдары даярлап, ұсынған болатын. Жоба жариялан­ғаннан кейін біз институттар мен ка­федра ұжым­да­рында оны жан-жақты талқылап, ұсыныс-пікірлерімізді ҚР Білім және ғылым министрлігіне уақытылы жол­дап отырдық. Ал енді ҚР Парламенті Сенатының 26 желтоқсан күнгі оты­рысында «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы еліміздің мұға­лімдер қауымына жаңаша жұмыс істеуге кең жол ашатыны сөзсіз.

 

Аталған заңда «Жалпы ережелер», «Педагогтың мәртебесі және оның педагогикалық қызметі», «Педагогтың құқықтары», «Педагогтың міндеттері мен жауапкершілігі» сияқты негізгі бөлімдер бар. Осындағы екінші бөлім­де педагогтың статусы, этикасы, педа­гогтың ар-ожданын қорғау, мұғалімге өз кәсіптік қызметін жүзеге асыруға жағдай жасау туралы арнайы баптар енгізіліп отыр. Мұның ішінде педагогты кәсіптік міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, одан білім беру саласындағы заңнамада көздел­меген есептілікті не ақпаратты талап етуге, заңдарда көзделмеген тексеру­лерді жүргізуге, тауарлар мен көр­сетілмеген қызмет­терді сатып алу жөнінде міндет жүктеуге, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педа­гогтарын мемле­кеттік емес ұйымдар­дың іс-шара­ларына тартуға тыйым салынбақ. Енді мұғалімдер бұрын­ғыдай әкімшілік­тердің «қолба­ласы» болып, көше тазартуға, тал-дарақты әктеуге, халық санағын жүр­гізуге, сайлау алдында сайлаушылар тізімін алуға және тағы басқа да басы артық шаруаларға жұмсалмай, өз міндетіне сәйкес таза педагогикалық жұмыс­тармен айна­лысатын болады.

 

«Педагог мәртебесі туралы» заңның үшінші бөлімінде педагогтың кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары айқындалуы да олардың құқықтық жағынан қорғалуына негіз болары сөзсіз. Мұғалімдерге мате­риалдық қамтамасыз етілу атап айтқанда, еңбегіне ақы, сыйақы алу, PhD докторы, ғылым докторы және ғылым кандидаты атағына байланысты көтерме ақы алу құқықтары беріліп отыр. Сондай-ақ, педагогтар заң жү­зінде бірқатар әлеуметтік кепілдік­терге де ие. Оның ішінде ұзақтығы 56 күн­тізбелік жыл сайынғы еңбек демалысын алады, мұғалім балаларына мектепке дейінгі ұйымдарда (балабақ­шаларда) бірінші кезекте орын беріледі. Педа­гогтерді тұрғын үймен, оның ішін­де қызметтік пәтермен немесе жатақ­ханамен қамтамасыз ету, ауыл мұға­лімдеріне жергілікті өкілетті орган­дардың шешімімен 25 пайыз үстеме ақы төлеу заңдастырылған.

 

Сонымен бірге, заңда педагогтың міндеттері мен жауапкершілігі айқын­далып, олардың кәсіптік дайындығын қамтамасыз ету, қайта даярлау, кәсіптік біліктіліктерін көтеру туралы арнаулы баптардың болуы да мұғалімнің өз ісіне жауапкершілігін арттыруға ықпал етері анық.

 

Жалпы, «Педагог мәртебесі тура­лы» заңның қабылдануы білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеу­меттік қорғалуын қамтамасыз етумен бірге, еліміздің бүкіл ұстаздар қауы­мының мәртебесін көтеруге, ұстаз де­ген ардақты аттың абыройын арт­тыруға қызмет ететіні сөзсіз.

 

 

Авторы: Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор

27.01.2020 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz